"Астана" бірінші ойында АПОЭЛ-ге есе жіберді

Нұржамал Үсенова Корреспондент
"Астана" бірінші ойында АПОЭЛ-ге есе жіберді
Фото ©️ vesti.kz

Футболдан Еуропа лигасының плей-офф кезеңіндегі бірінші ойында "Астана" Кипрдің АПОЭЛ командасына есе жіберді. Никосияда өткен кездесуде алаң иелері 1:0 есебімен жеңіске жетті.

БӨЛІСУ

Сырт алаңдағы елордалық команданы Григорий Бабаян бастап барды. Команданың бас жаттықтырушысы Роман Григорчук уақытша демалысқа кеткен болатын.

Ойында АПОЭЛ командасына жеңіс сыйлаған голды 79 минутта Кажу соқты. Стандартты шабуыл кезінде алаң иелерінің көздегені орындалды.

Екінші тайм басында Педро Энрике гол соққан-ды. Алайда төрешілер оффсайд болғанын аңғарып, голды есепке алмады. Ал "Астананың" бірінші таймда гол соғатын бірнеше мүмкіндігі болған. Бірақ сәттілік серік болмады.

Қос команда арасындағы қарымта кездесу 30 тамыз күні Астанада өтеді. Ойын сағат 20:00-де басталады. Екі қорытындысы бойынша жеңіске жеткен команда Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығады.

Айта кетейік, екі команданың ойыны бір-біріне таңсық емес. Осыған дейін еурокубокте жолдары түйіскен. 2015 жылы қазақстандық клуб қарсыластарын екі ойын қорытындысы бойынша (1:0, 1:1) ұтып, Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққан болатын. 2016 жылғы маусымда екі команда Еуропа лигасының топтық кезеңінде бір топта болды. Өз алаңдарындағы ойындарда 2:1 есебімен жеңіске жетті.