ТОП-5! Қазақ футболындағы жарқын жеңістер

О Сансызбай Корреспондент
ТОП-5! Қазақ футболындағы жарқын жеңістер
Фото ©️ kff.kz

25 сәуір – қазақ футболының мерекесі. 2002 жылы дәл осы күні Қазақстан ресми түрде UEFA (Еуропалық футбол қауымдастықтары одағы) құрамына қабылданды. Араға 1 жыл сала ҚФФ Атқару комитеті осы бір атаулы күнді атап өту туралы шешім қабылдады.

БӨЛІСУ

Қазақстан құрамасының UEFA құрамында болғанына 22 жыл толды. Осы уақыт аралығында ұлттық құрамамыз ауыз толтырып айтарлықтай жетістік шыңын бағындырмаса да, Еуропа елдері танып үлгерді. Кей жарқын жеңістерімен жұрт назарына ілікті. Солардың ішіндегі ең бастыларын тізе кетейік.

Қазақстан – Сербия 2:1
2008 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу ойыны

Қазақ жанкүйерлері көпке дейін айтып жүрген жарқын жеңістің бірі – Сербияға қарсы ойын. 2007 жылдың наурыз айында Қазақстан құрамасы Алматыда сербтерді 2:1 есебімен ұтты. Фаворит саналған Сербия құрамасы ұпайсыз қайтып, сенсация болды. Ойында Қайрат Әшірбеков пен Нұрбол Жұмасқалиев гол соқты. Сербтер сапынан бір голды Никола Жигич өз еншісіне жазған еді. Ол ойынды жанкүйерлер әлі күнге дейін ұмыта қойған жоқ.

Қазақстан – Шотландия 3:0
2020 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу ойыны

2019 жылы Михал Билек ұлттық құрама тізгінін ұстап, алғашқы ойынын Шотландияға қарсы өткізді. «Астана Аренада» бір бас жоғары саналған қарсыластарын 3:0 есебімен ойсырата ұтты. Мұны шотланд жігіттері де, қазақ жанкүйерлері де күтпесе керек. Ойында Юрий Перцух, Ян Вороговский және Бахтиер Зайнутдинов гол соқты.

Словакия – Қазақстан 0:1
Ұлттар лигасы

Қазақстан құрамасы сырт алаңда жеңіске жеткен ойындар көп емес. Соның ішінде Трнавада өткен кездесуді ерекше атауға болады. Ұлттар лигасындағы бұл жеңіс тобымызда бірінші орын алуға зор септігін тигізді. Бұл ойында ұлттық құрамаға жеңіс сыйлаған голды 26-минутта Аслан Дарабаев соқты.

Армения – Қазақстан 0:1
2008 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу ойыны

Арно Пайперс жаттықтырған тұста ұлттық құраманың топтағы соңғы ойыны болатын. Сырт алаңда отандастарымыз Сергей Остапенко соққан гол есебімен жеңіске жетіп, топта Армения мен Әзербайжан құрамаларын басып озды. 10 ұпай еншілеп, үздік нәтижесін көрсетті. Сондықтан да бұл жеңістің маңызы жоғары болды.

Қазақстан – Дания 3:2
2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу ойыны

Қазақ футболшылары бір ай бұрын ғана әлем назарын өзіне аударды. 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аясындағы екінші ойында Дания құрамасын ұтты. Жай ұтқан жоқ, камбек жасады. Екі доп айырмасымен ұтылып тұрып, жеңіске бастар жолды тапты. Мұны батыстық басылымдар жарыса жазып, Қазақстан құрамасының ойынын сенсацияға балады. Ал ұлттық құрама капитаны Асхат Тағыберген соққан гол «турдың ең әдемі соғылған голы» марапатына ие болды.

Қазақстан футболы күні құтты болсын! Жарқын жеңістеріміз көп болғай! Алға, қазақ футболы!