"Қайрат" "Сигмадан" қарымта ойында да ұтылып қалды

Нұржамал Үсенова Корреспондент
"Қайрат" "Сигмадан" қарымта ойында да ұтылып қалды
Фото ©️ Қайрат ФК

Алматының "Қайрат" футбол клубы Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне шыға алмады. Чехияның "Сигма" командасына қарсы қарымта ойында да қарсыластарына қарсылық таныта алмады.

БӨЛІСУ

Алматының орталық стадионында өткен кездесуде қонақтар 2:1 есебімен жеңіске жетті. Ойында алғашқы гол 19 минутта соғылды. Ауттан асырылған допқа таласта Мартин Нешпор үздік шығып, есеп ашты. Стас Покатилов допты қайтарып үлгермеді.

Екінші тайм басында "Сигма" екінші голын соқты. Давид Гаускидің айып соққысынан тепкен добы Стас Покатилов қорғаған қақпаның торында тулады. 61 минутта Эппель бір гол соғып, жергілікті жанкүйерлерді бір желпінтті. Одан кейінгі сәттерде Қайрат шабуылда шапшаңдық танытқанмен, есепті теңестіре алмады.
Керісінше ойынды 9 ойыншымен аяқтады. 79 минутта Хуан Фелипе екінші сары қағазын алаңнан қуылса, ойын аяқталар сәтте Исаэль де қызыл қағаз алды.

Қос ойын қорытындысы бойынша 4:1 есебімен жеңіске жеткен "Сигма" Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне шықты. Бұл кезеңде "Жальгирис" және "Севилья" клубтары арасындағы ойынның жеңімпазымен кездеседі.