Геннадий Головкин "Бокс аңызы" марапатына ие болды

О Сансызбай Корреспондент
Геннадий Головкин "Бокс аңызы" марапатына ие болды
Фото ©️ Vesti.kz

Бокстан орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағына ие отандасымыз Геннадий Головкин (37-0-1, 33 КО)  "Жыл боксшысы" номинациясында "Бокс аңызы" марапатына лауреат атанды.

БӨЛІСУ

Марапаттау рәсімі Сочиде өтіп жатқан Халықаралық бокс форумы барысында өтті. Отандасымызға сыйлықты WBC презденті Маурисио Сулейман табыстады. 

"Жыл адамы" атағын Франко Фальчинелли иеленді. Ол бұған дейін Халықаралық әуесқойлар бокс ассоциясының (AIBA) басшысы қызметін атқарған бокс мамандарының бірі. "Жыл оқиғасы" марапатын Ресей бокс федерациясының 22 шілде күні Мәскеудегі Қызыл алаңда ұйымдастырған "Ресей боксының күні" атты шара жеңіп алды. 

"Жыл жекпе-жегі" аталымында Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль "Канело" Альварес (49-1-2, 34 КО) арасындағы кездесу үздік шықты. 

Техникасы ең мықты боксшы болып Хорхе Линарес (44-3, 27 КО) атанса, WBSS сериясы "Жылдың үздік жобасы" деп танылды. "Аңыз" деген атаққа КСРО құрамында екі рет Олимпиаданы жеңген Борис Лагутин ие болды. 


Халықаралық бокс форумы Сочи қаласында 1 және 4 ақпан аралығында өтеді. Бұл жиында бірінші рет кәсіпқой бокстағы ең беделді WBA, WBC, WBO және IBF ұйымдардың басшылары жиналады. Сонымен қатар бұл отырысқа Халықаралық әуесқойлар бокс қауымдастығы AIBA) мүшелері де қатысады. Головкин кәсіпқой бокстың атынан сөз сөйлейді. Одан бөлек бұл жиынға Бақтияр Артаев және Бақыт Сәрсекбаев секілді Олимпиадада топ жарған қазақ боксшылары шақырту алған. Танымал промоутер Оскар Де Ла Хойя да келеді деп күтілуде.

Бұл жиын барысында сондай-ақ әр ұйымның промоутерлерінің отырысы да болады.

Жиын барысында World Boxing Super Series (WBSS) жобасының жартылай финалдық кездесуі өтеді. Онда ресейлік Мурат Гассиев (25-0, 18 КО) пен кубалық Юниер Дортикос (22-0, 21 КО) кездеседі. "Большой" спорт кешенінде өтетін бұл кездесуде боксшылар IBF және WBA (Regular) белбеулеріне таласады.

Айта кетейік, Гассиев пен Головкин соңғы жылдары "Big Bear" (Калифорния штаты, АҚШ) лагерінде танымал маман Абель Санчестің қол астында жаттығады.