Алматы облысында джиу-джитсудан Сағадат Нұрмағамбетовті еске алуға арналған ашық турнир өтті

О Сансызбай Корреспондент
Алматы облысында джиу-джитсудан Сағадат Нұрмағамбетовті еске алуға арналған ашық турнир өтті
Фото ©️ Нұрсұлтан Орынбасаров

Қазан айының 15-ші жұлдызында Алматы облысы Іле ауданы Мұхаметжан Түймебай ауылында Халық Қаһарманы, ҚР тұңғыш қорғаныс министрі, армия генералы Нұрмағамбетов Сағадат Қожахметұлын еске алуға арналған джиу-джитсу күресінен ашық турнир өтті. Аталмыш турнирге Алматы және Алматы облысында джиу-джитсумен айналысатын 5-17 жас аралығындағы 150-ден астам жасөспірім қатысты.

БӨЛІСУ

«Жүзден жүйрік» шыққандар арнайы дипломдар, медалдар және сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ турнирге келген қонақтарға естелік сый ретінде Нұрмағамбетов Сағадат Қожахметұлы туралы жазылған кітаптар табысталды. Жастар додасының салтанатты ашылу рәсімінде алғысөз Алматы облысы, Іле ауданы мәслихат депутаты Дауталиев Ғани Сауытбекұлына бұйырды.

- Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыру шеңберінде осындай спорттық шаралар алдағы уақытта көптеп ұйымдастырылады. Спорт – жастарды рухани байытып, патриоттық сезім қалыптастыратын бірден бір күш - деп айта кетті.

Іле ауданның дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Қабдыкәрімов Жәнібек Болатханұлы және Ащыбұлақ ауылдық округі әкімінің орынбасары Мейірманов Ерлан Сайранұлы жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Жарыстың құрметті мейманы болған Іле аудандық ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектерінің ерікті қоғамының төрағасы, «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері Қаражігітов Марат Жұбайбекұлы турнирдің мақсатын жастарға түсіндіре кетті. Сағадат Қожахметұлының еліне сіңірген еңбегі, халқына қылған қызметі туралы кеңінен айта өтті. Бұл турнир ертенгі болашағымыз жасөспірімдер үшін үлкен өнеге болғаны сөзсіз. 

Әлем ареналарында еліміздің көк байрағын желбіретіп, әнұранымызды асқақтатып жүрген аралас жекпе-жек жұлдыздары Қайрат Ахметов (Қазақ) және Қуат Хамитов (Найман) арнайы қонақ болып шақыртылды. Жасөспірімдерді жігерлендіру мақсатында осы турнирдің мараппаттау рәсімі қазақтын «қос батырына» бұйырды. Осындай чемпиондардын қолынан медаль алу жас спортшылар үшін үлкен қуаныш болғаны анық. 

Джиу-джитсу елімізге жаңадан келген спорт түрі болғанына қарамастан қарқынды дамып келе жатыр. Оған дәлел, биыл Түркіменстан астанасы Ашхабадта өткен Азия ойындарында джиу-джитсудан еліміздің спортшылары жүлделі орындарға ие болды. Әлем және Азия чемпионаттарынан да джиу-джитсу балуандары құр алақан оралып жүрген жоқ. Осы спорт түріне мемлекет тарапынан да үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Елімізде жылына бірнеше рет ауқымды деңгейде халықаралық жарыстар ұйымдастырылып тұрады. 

Халық Қаһарманы, ҚР тұңғыш қорғаныс министрі, армия генералы Нұрмағамбетов Сағадат Қожахметұлын еске алуға арналған турнирді ұйымдастырған – елімізге танымал спортшы, грепплингтен Азия чемпионы, аралас жекпе-жектен халықаралық «Alash pride» турнирінің бірнеше дүркін чемпионы, джиу-джитсудан ҚР чемпионы Нұрсұлтан Орынбасаров. Сондай-ақ, Нұрсұлтан бүгінде Алматы облысы, Іле ауданында джиу-джитсу және грепплинг күресі бойынша 80-нен астам шәкіріт тәрбиелеуде. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» демекші шәкірттері де жарыстардан жүлделі орындармен оралуда. Атап айтсақ, Мәди Құрманғожаев, Елжан Жұмаділ БАӘ Абу-Даби қаласында өткен джиу-джитсудан әлем чемпионатында жеңімпаз атанды. Осындай жетістіктерінің арқасында өзге де қатарластарына үлгі болуда. Мұны көрген өзге де жасөспірімдер тарапынан спортқа деген қызығушылық артып, джиу-джитсумен айналысуға бет бұрған жастардың саны көбеюде. 

- Ауылдық жерлерде осындай шаралар жиі өткізіліп тұруы шарт. Себебі, ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығын арттырады. «Ұлт мақтанышы» Нұрмағамбетов Сағадат Қожахметұлы құрметіне арнап «Сағадат батыр» джиу-джитсу клубын ашқан болатынмын. Аталмыш клубта 80-ге жуық жасөспірімдер жаттығу жасауда. Алдағы уақытта жылына бір рет джиу-джитсу күресінен «Сағадат батыр» халықаралық турнирін ұйымдастырып отыру жоспарда бар. Батырларымызды жасөспірімдерге насихаттау бапкерлердін міндеттерінің бірі. Осындай турнирлер арқылы біз шәкірттерімізіді рухани байытамыз. Әлем чемпионы атануы үшін алдымен өз елінің патриоты болуы керек. Рухы биік спортшы ғана әлемдік ареналарда бағындыра алады, - дейді турнирді ұйымдастырушы Нұрсұлтан Орынбасаров.  

Ауған соғысының ардагері, «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері Қаражігітов Марат Жұбайбекұлы елімізде спорттың дамуына үлкен үлес қосып жүрген, аталмыш турнир ұйымдастырушысы Нұрсұлтан Орынбасаровты «Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов» атындағы медальмен марапаттады.

Айтпанбет Самат