"Арландардың" Қытай командасына қарсы жұдырықтасатын құрамы анықталды

О Сансызбай Корреспондент
"Арландардың" Қытай командасына қарсы жұдырықтасатын құрамы анықталды
Фото ©️ vk.com (Astana Arlans)

Бүкіләлемдік бокс сериясында (WSB) бақ сынайтын "Astana Arlans" командасы 4 наурыз күні Атырауда Қытайдың "China Dragons" командасымен кездеседі. Бүгін қос команда сапында шаршы алаңға шығатын боксшылар белгілі болды.

БӨЛІСУ

Екі команда арасындағы бокс кешінде С1 дәрежесіндегі боксшылар жұдырықтасатын болады. Атап айтар болсақ, 49 келіге дейінгі салмақта Теміртас Жүсіпов Дзюньдзюнь Хэ есімді қытай боксшысымен қолғап түйістіреді. Теміртас осы маусымда екінші жекпе-жегіне шыққалы отыр. Ол Мәскеуде ресейлік команданың боксшысы Батор Сагалуевке төрешілер шешімі бойынша жол беріп алған еді.

Бас жаттықтырушы Нұрлан Ақүрпеков 56 келіге дейінгі салмақта Ілияс Сүлейменовке сенім артып отыр. Оның қарсыласы – Лун Ван. Ілияс та осы маусымдағы екінші жекпе-жегіне шығады. "Russian Patriot" командасына қарсы жекпе-жекте Артем Хотеновті ұтқан болатын.

64 келіге дейінгі салмақта Ділмұрат Мижитов пен Ян Лю жұдырықтасады. Ділмұрат ресейлік командаға қарсы алғашқы жекпе-жегінде жеңілген еді.

75 келіге дейінгі салмақта ресейлік командаға Әбілхан Аманқұл шаршы алаңға шыққан еді. Бұл жолы команданың жаттықтырушылары Сапарбай Айдаровты таңдапты. Сапарбайдың қарсыласы – Минган Жао.

Ал 91 келіге дейінгі салмақта Антон Пинчук қытайлық команданың легионері Сергей Новиковпен жұдырықтасады. Беларусь боксшысы да осал қарсылас емес. Екеуінің арасындағы жекпе-жек қызықты болары сөзсіз.

Айта кетейік, осыған дейін "Astana Arlans" Ресейдің "Russian Patriot", Өзбекстанның "Uzbek Tigers" командаларын ұтқан еді.