Мейірім Нұрсұлтанов Ковалев-Уорд жекпе-жегінің андеркартында жұдырықтасады

О Сансызбай Корреспондент
Мейірім Нұрсұлтанов Ковалев-Уорд жекпе-жегінің андеркартында жұдырықтасады
Фото ©️ Meirim Nursultanov (OFFICIAL PAGE)

Қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтанов кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін 19 қараша күні өткізеді. Отандасымыз жанкүйер қауым асыға күткен Сергей  Ковалев пен Андре Уорд арасындағы жекпе-жектің андеркартында бірінші болып шаршы алаңға шығады.

БӨЛІСУ

Әуесқой бокспен қатар «Astana Arlans» сапында ел намысын қорғап жүрген боксшымыз кәсіпқой рингтегі алғашқы кездесуінде америкалық Монреко Голдстонмен (5-0-1, 3КО) жұдырықтасады. 26 жасар америкалық боксшы алғаш рет 2013 жылдың 13 мамыр күні кәсіпқой рингке көтерілген кезден бастап, 158 бен 171 фунт салмақтары арасында кездесулер өткізген. Соңғы рет Роберт Суинимен (3-3-0) жекпе-жек өткізіп, 57-57; 56-58; 57-57 есебімен тең түскен. 

Қазақстандық боксшының «вконтакте» желісіндегі парақшасының хабарлауы бойынша, Мейірім Нұрсұлтанов пен Монреко Голдстон арасындағы жекпе-жек 4 раундқа жоспарланған. Боксшылар 160 фунт (72,6 келі) салмақ дәрежесінде жұдырықтасады.

Бокс кеші HBO PPV (ақылы) түрінде таратылатыды, бірақ отандасымыздың кездесуі тікелей эфирде өтуі жайлы ақпарат жоқ.

Сергей  Ковалев пен Андре Уорд арасындағы жекпе-жектің андеркартында екі дүркін Олимпиада чемпионы Кларесса Шилдс та кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін өткізеді.

Айта кетейік, «Astana Arlans» клубы сапында 2013 жылдан бері жұдырықтасып келе жатқан Мейірім өзін сан қырынан танытты. Талай қауқарлы қарсыластарын қапы қалдырып, командасына маңызды ұпай сыйлады.

Мейірім Нұрсұлтанов – еңбекқор, намысқой боксшы. Оны осыған дейінгі жекпе-жектерінен-ақ көріп, байқап жүрміз. Бүгінде Мейірім қазақстандық кәсіпқой боксшылар Мадияр Әшкеев және Асxат Уәлиxановпен бірге "Main Event" промоутерлігінде жаттығып жүр.