Назым мен Зарина әлем чемпионатының ширек финалына шықты

О Сансызбай Корреспондент
Назым мен Зарина әлем чемпионатының ширек финалына шықты
Фото ©️ vk.com

Әйелдер арасында бокстан Астанада өтіп жатқан әлем чемпионатында Назым Қызайбай мен Зарина Цолоева ширек финалға шықты.

БӨЛІСУ

48 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасатын Назым Қызайбай екінші айналымда швециялық боксшы Лиз Сандербьерді айқын басымдықпен жеңді. Ал 64 келіде Зарина Цолоева италиялық Валентина Альбертиниден басым түсті.

Астанадағы әлем чемпионатында Олимпиада ойындарының лицензиялары сарапқа салынуда. Дегенмен Назым мен Зарина бақ сынайтын салмақ дәрежелері Олимпиада ойындарына қосылмаған. Ал Назым Қызайбайдың екінші рет әлем чемпионы атануына зор мүмкіндігі бар.

Осыған дейін қазақстандық боксшы қыздар арасында Дина Жоламан (54 келі), Айжан Қожабекова (57 келі), Валентина Хальзова (69 келі) мен Виолетта Князева (75 келіге дейін) ширек финалға шыққан болатын. 81 келіге дейінгі салмақта Юлдуз Маматкулова ресейлік Любовь Пашинадан ұтылса, Олимпиада жолдамасы берілетін 60 келіде Римма Волосенко жарысты ерте аяқтаған-ды. Сондай-ақ Олимпиада жолдамасы берілетін 51 келіге дейінгі салмақта Жайна Шекербекованың жеңімпаз атануына мол мүмкіндігі бар.  

Олимпиада бағдарламасына енген 75 келіге дейінгі салмақта Қазақстан құрамасында жолдама бар. Қытайда өткен іріктеу турнирінде Дариға Шакимова жеңімпаз атанып, Олимпиада жолдамасын иеленген еді. Жаттықтырушылар Дариғаны Астанадағы әлем чемпионатына қатыспағанын жөн санаған. Бұл салмақта Виолетта Князева бақ сынауда.

Айта кетейік, бокстан ерлер құрамасы тамыз айында өтетін Олимпиада ойындарына алғаш рет толық құрамда қатысады. Қазіргі таңда боксшылар төртжылдықтың басты додасы алдындағы дайындықтарын шыңдауда.