Біржан Жақыпов - Қазақстан чемпионы!

Ла Лига Корреспондент
Біржан Жақыпов -  Қазақстан чемпионы!

Астананың «Дәулет» спорт кешенінде өтіп жатқан бокстан Қазақстан біріншілігінің алғашқы чемпионы анықталды. Ол - Біржан Жақыпов. 

БӨЛІСУ

Жаңа ережелер бойынша өтіп жатқан ішкі біріншіліктің 49 келі салмақтағы финалдық кездесуі шымкенттік Біржан Жақыпов және астаналық Теміртас Жүсіп арасында өтті. Кездесудің бірінші кезеңі Жақыповтың басымдылығымен аяқталды. Екінші раундта рингтегі жағдай теңескенімен, үшінші раундты тәжірибелі Біржан толығымен өз пайдасына аяқтады. 

Кездесуге төрелік еткен қазылардың барлығы да бірауыздан Біржан Жақыповқа жеңісті берді. Есеп 3-0. Жекпе-жек аяқталған соң, Массагет тілшісі Біржанға қоңырау шалып, құттықтаған болатын:

«Көп рақмет! Биылғы ел біріншілігі AIBA-ның жаңа заңдарымен өтті ғой. Бокстасып жатып ұпайымызды көре алмаймыз. Бас киімсіз жұдырықтастық. Дегенмен мен Мырзағали Айтжанов бапкеріммен бұл жарысқа тыңғылықты дайындалып келдім. Нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар», - дейді Жақыпов. 

Қай кездесу сіз үшін қиынға соқты? 

Мен жалпы төрт кездесу өткіздім ел біріншілігінде. Алғашқы үшеуін қиын болды деп айта алмаймын. Ал финалдық кездесу шамалы қиындау болды. Өйткені, екінші раунд барысында Теміртастың басы көзіме тиіп кетті. Содан рингте қимылдау шамалы қиынырақ болды.

Біржан, енді алдағы мақсаттарыңыз туралы бөліссеңіз...

Лондон Олимпиадасында сүрінген соң, мен бокстан кету туралы да ойлаған болатынмын. Бірақ, үйдегілер мен жеке бапкерім маған Қазақстан чемпионатына қатыс деді. Мен қатыстым. Чемпион болдым. Ендігі мақсатым - 2013 жылы елордамыз Астана қаласында өтетін әлем біріншілігінде топ жару. 

Әңгімеңізге рақмет!

Дайындаған: Уалихан Қосанбай

Сурет: vesti.kz