Қазақстан MMA біріккен федерациясының жаңа президенті сайланды

Айбар Рысдәулет Корреспондент
Қазақстан MMA біріккен федерациясының жаңа президенті сайланды

Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан ММА аралас жекпе-жек федерациясының Конгресі өтіп, ұйымның жаңа президенті болып Алик Айдарбаев сайланды. Осыған дейін бұл лауазымды  Ғалымжан Есенов атқарып келген болатын.

БӨЛІСУ

"Ғалымжан Есенов басшылығымен бір жыл ішінде, яғни  2018 жылдың желтоқсанынан бастап Қазақстан ММА біріккен федерациясы халықаралық деңгейге шығу және облыстық федерацияларды біріктіру бойынша міндеттерді орындай алды. Біз өз кезегімізде ағымдағы стратегияны іске асыруды жалғастырамыз,"  – деп атап өтті жаңа басшы Алик Айдарбаев.

2019 жылдың мамыр айында Қазақстан құрамасы Таиландта өткен Азия чемпионатында жеңіске жетіп, рекордты 21  медальға ие болған болатын. Дәл сол жарыста ел құрамасы әлемдік рейтингте бірінші рет үздік деп танылды. Сонымен қатар, қазақстандық спортшылар Бахрейнде өткен Әлем чемпионатында да сәтті өнер көрсетіп, 18 медаль жеңіп алды.

"Біздің ММА федерациясы IMMAF-WMMAA Халықаралық федерациясының қатарына қосылды, ал мен Халықаралық директорлар кеңесі құрамына кірдім. Мен сондай-ақ, САТА (Орталық Азия триатлон федерациясы) басшысы ретінде, аталмыш ұйымның мүддесін ASTC халықаралық спорт қауымдастығының директорлар Кеңесінде ұсынамын. Бұл жұмыстар көп уақытым мен назарымды талап ететіндіктен, әріптестеріме федерацияның жаңа Президентін сайлауды ұсындым. Біз бір жыл ішінде барлық облыстардағы ММА федерацияларын біріктіріп, Ұлттық құрама мен жаттықтырушылар кеңесін, сонымен қатар,  ММА жауынгерлерінің этикалық кодексін құрдық, Nomad MMA бірыңғай ережелерін енгіздік, балалар мен жасөспірімдер спортын дамытудамыз. Елімізде бірнеше мәрте M1 турнирлерін өткіздік. Осы бір жыл ішінде біздің спортшылар тек шетелдік жарыстардан 94 медальды қанжығаларына байлады. Жаттықтырушылар деңгейін көтеріп, ұйымдастырушылар үшін қатаң талаптарды бекіттік. Біз бастаған жұмыстардың жаңа басшылықпен ары қарай жалғасын табатынына сенімдімін", - деді Ғалымжан Есенов.     

Биылғы жылы ММА Орталық-Азия конфедерациясы құрылды. Оның құрамына Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан федерациялары кірді. Конфедерацияны Өзбекстанның аралас жауынгерлік жекпе-жек қауымдастығының президенті Отабек Омаров басқарды, ал вице-президенттер болып Қазақстан өкілдері — Ескендір Кәрім мен Қазақстан MMA федерациясының бас директоры Валихан Тен тағайындалды.