Ақтөбеде шахматтан "Владимир Дворкович Кубогы" турнирі басталды

Айбар Рысдәулет Корреспондент
Ақтөбеде шахматтан "Владимир Дворкович Кубогы" турнирі басталды

23 кыркүйекте шахматтан ұлдар мен қыздар арасындағы халықаралық командалық турнир – "Владимир Дворкович Кубогы" басталды. Еуропадан, Америкадан, Азиядан және Африкадан жасөспірімдердің үздік командалары Кубок пен $ 16 000 жүлде қоры үшін таласты бастады.

БӨЛІСУ

Жарысқа Армения, Үндістан, Қытай, Беларусь, Иран, Канада, Алжир, Қазақстан, Ресей  және Әзірбайжан елдерінен 17 жасқа дейінгі 40 шахматшы қатысуда.

Салтанатты ашылу рәсімі өткен соң рапидта партиялар басталды. Ақтөбе облысының Спорт және дене шынықтыру басқармасының бастығы Мейрамбек Махамбетов Нөгербек Қазыбектің тақтасында символикалық бірінші жүріс жасады.

"Владимир Яковлевичтің тағдыры осы Ақтөбе қаласымен тығыз байланысты, – дейді Галина Львовна Дворкович, – Және де біз әйгілі шахмат төрешісінің естелігіне арналған жарыстың енді Ресейден тыс жерде өткізіліп жатқанына қуаныштымыз".

"Қазақстан осы жарыста санаттың ең мықты спортшыларын ұсынды, – деп айтты Қазақстанның шахмат бойынша жастар-жасөспірімдер құрама командасының бас бапкері Ануар Исмағамбетов, – Олардың бәрі ірі халықаралық турнирлерде талай мәрте жүлдегерлер мен жеңімпаз атанғандар.

Әрбір команда 4 спортшыдан тұрады – 2 ұл және 2 қыз. Қазақстан атынан аталған турнирге Рамазан Жалмаханов, Қазыбек Нөгербек, Амина Каирбекова мен Меруерт Камаледенова қатысуда.

Турнирдің бірінші күні Қазақстан Үндістан, Әзірбайжан, Канада, Иран және Қытай құрама командаларымен рапидта партия, ал сейсенбіде Ресей, Алжир, Беларусь және Армения құрама командаларымен жылдам шахмат бойынша тағы төрт партия ойнайды. Ал сәрсенбі күні жас шахматшылар жеке блицте бақ сынасады.

"Владимир Дворкович Кубогының биылғы жылы дәл Қазақстанда өткізілетініне өте қуаныштымыз. Бұл біздің федерация 2019 жылы ұйымдастырған ірі халықаралық турнирдің үшіншісі. ФИДЕ-ге бізге сенім білдіргені үшін алғыс айтамыз", - деп хабарлады Қазақстан федерциясының Атқарушы директоры Ирина Грищенко. 

"Владимир Дворкович Кубогы" – дәстүрлі түрде 17 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасында әлемнің үздік құрама командаларын анықтайтын жыл сайынғы шахмат турнирі. Жарысқа командалық рапид және жеке блиц кіреді. Владимир Дворковичтің алғашқы Кубогы 2006 жылы өтті, ал Қазақстанда аталмыш турнир бірінші рет өтуде.