Euro-2020. Кипр мен Қазақстан құрамалары тең тарқасты

Нұржамал Үсенова Корреспондент
Euro-2020. Кипр мен Қазақстан құрамалары тең тарқасты
Фото ©️ Reuters

Футболдан 2020 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Қазақстан құрамасы Никосияда Кипрмен тең ойнады. Ойында 1:1 есебі тіркелді.

БӨЛІСУ

Михал Билек жаттықтыратын Қазақстан құрамасы ойын бастала сала гол соқты. 2 минутта Алексей Щеткин допқа таласта қырағылық танытып, гол соғатын жол тапты. Таблодағы нәтижені өзгертіп, команданы алға шығарды.

Алаң иелері таразы басын теңестіруге ұмтылды. Бірде қорғаушылар, бірде қақпашы Дмитрий Непогодов шеберлігімен көзге түсті. Дегенмен 39 минутта Николас Янну Ян Вороговский мен Темірлан Ерлановты алдап өтіп, гол соғатын жағдай жасады. Командаласы Пиерос Сотириу ашық қақпаға допты тоғыта салды.

Бірінші тайм аяқталар тұста Бауыржан Исламханның айып соққысынан тепкен добын Кипр құрамасының қақпашысы қайтара білді. Ал екінші таймда бұл нәтижеге өзгеріс енбеді. Осылайша екі құрама бір-бір ұпайдан бөлісті.

І тобында бес ойын өткізген Қазақстан құрамасы 7 ұпаймен 3-орында келеді. Бүгін түнде Бельгия мен Сан-Марино, Шотландия мен Ресей құрамалары ойнайды.

Алтыншы тур ойындары 9 қыркүйектен 10-на қараған түні өтеді. Қазақстан құрамасы тағы да сырт алаңда Ресеймен кездеседі. Сондай-ақ, Шотландия – Бельгия, Сан-Марино – Кипр құрамалары арасындағы ойындар өтеді.