Қазақстандық кәсіпқой боксшы екі аптада төрт жекпе-жек өткізді

О Сансызбай Корреспондент
Қазақстандық кәсіпқой боксшы екі аптада төрт жекпе-жек өткізді
Фото ©️ instagram.com

Кәсіпқой бокстағы мансабын бастаған отандасымыз Мұса "Warrior" Тұрсынғалиев екі апта ішінде төрт жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті.

БӨЛІСУ

Екінші жартылай жеңіл салмақта бақ сынайтын 23 жастағы қазақстандық боксшы төрт жекпе-жегін де Мексикада өткізді. 10 қараша күні кәсіпқой бокстағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Қарсыласын нокаутпен ұтты. Араға төрт күн сала кезекті кездесуіне шығып, 10 раундқа жоспарланған жекпе-жекті үшінші раундта жеңіспен аяқтады. Одан кейінгі жекпе-жегі тіпті екі күннен кейін өтті. 16 қараша күні мексикалық Рикардо Моргадомен жұдырықтасып, төрешілер шешімі бойынша жеңіске жетті. Бұл бокс кешін Сауль "Канело" Альварес, Давид Лемье, Хорхе Линарес сынды танымал боксшылары бар "Golden Boy" промоутерлік компаниясы ұйымдастырған болатын.

Бүгін қазақстандық боксшы төртінші жекпе-жегін өткізіп, мексикалық боксшыны мезгілінен бұрын жеңіп шықты. Қарсыласының есімі жайлы ақпарат әлі жарияланбады.

BoxRec сайтында Мұса Тұрсынғалиевтің профилінде тек бір ғана (16 қараша) жекпе-жек жазылып тұр. Осыған дейін боксшының менеджері Генри Ривалта бұл келеңсіздік жайын түсіндірген болатын.

- Жекпе-жектердің барлығы 10 күн ішінде болды. BoxRec барлық жекпе-жектерді дүйсенбіде жариялайды, яғни түсініктеме жариялау үшін тағы бес-он күн қабылдайды. Оларда Мұсаның толық статистикасы жоқ, - дейді.

Алдағы күндері боксшының статистикасын жаңартуы мүмкін екенін де айта кеткен еді. Ал Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының бас хатшысы Виталий Демьяненко Vesti.kz сайтына берген сұхбатында Мұсаның промоутерлері boxrec өкілдерімен келісімге келе алмауы себеп болуы мүмкін екенін айтқан-ды.

Айта кетейік, Мұса Тұрсынғалиев Екібастұз өңірінің тумасы. Қыркүйек айының басында "The Heavyweight Factory" промоутерлік компаниясымен келісімшартқа қол қойған болатын. Сондай-ақ бұл компания қазақстандық тағы бір боксшы Иван Дычконың да жекпе-жектерін ұйымдастырады. Компания АҚШ-тың Флорида штатында орналасқан. 2007 жылдан бері жұмыс істеп келеді.