Қанат Исламның командасы Келл Брукпен кездесуге дайын екенін айтты

О Сансызбай Корреспондент
Қанат Исламның командасы Келл Брукпен кездесуге дайын екенін айтты
Фото ©️ Kanat Islam team

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Исламның (25-0, 20 КО) командасы жартылай орта салмақтағы әлемнің бұрынғы чемпионы британдық боксшы Келл Брукпен (36-2, 25 КО) кездесуге дайын екенін хабарлады, - деп жазады Vesti.kz порталы.

БӨЛІСУ

Бұл туралы Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында Қанат Исламның PR менеджері Берік Сұлтан жазды. "Біз дайынбыз. Қанат Исламның командасы", - делінген жазбада.

Еске салайық, 2016 жылдың қыркүйек айында Брук орта салмақтағы WBA (Super), WBC, IBF және IBO белбеулерінің иегері қазақстандық Геннадий Головкинмен кездескен. Ол жекпе-жек Лондон қаласында өтіп, GGG бесінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Осы кездесуде Брук көзін жарақаттап алған еді.

Ал өзінің соңғы кездесуін Брук америкалық Эррол Спенске (27 мамыр) қарсы өткізіп, 11 раундта нокаутпен жеңіліс тапты. Бұл кездесуде британдық боксшы тағы да көзін жарақаттап алды. Осы кездесуден кейін Брук біржолата бокстан кетемін дегенді айтты. Бірақ кейін ол командасымен ақылдасып, мансабын жалғастыратын болды. Енді оның келесі кездесуі 2017 жылдың соңында өтуі мүмкін.

Айта кетейік, 33 жастағы Қанат Ислам қазіргі уақытта бірінші орта салмақтағы WBO NABO және WBA Inter-Continental белбеулерінің иегері. Ол соңғы кездесуін 9 қыркүйек күні Астанада өткізіп, канадалық Брэндон Куктан үстем түсті.