Жастардың намысын жаныған кездесу

О Сансызбай Корреспондент
Жастардың намысын жаныған кездесу
Фото ©️ Нұрсұлтан Орынбасаров

Таяуда Алматы облысына қарасты Іле ауданындағы М.Түймебаев ауылында ережесіз жекпе-жектен Қазақстанның намысын қорғап жүрген спортшы Қуат Хамит жастармен жүздесті.

БӨЛІСУ

"Kazakhstan Top Team" филиалының залында өткен бұл кездесуді тәжірибесі мол өз ісінің білгірі, джиу-джитсудан спорт шебері, ел чемпионы, грепплингтен Азия чемпионы, "Alash Pride Selection Vol" халықаралық жарысының жеңімпазы, жаттықтырушы Нұрсұлтан Орынбасаров ұйымдастырды.

Жастардың спортшыға қойған сұрақтары әр-алуан болды. Мәселен, оларды спортшының алғашқы жекпе-жегі қалай аяқталғандығы, алғашқы жеңістен кейінгі сезімдері, өз жеңістерін қалай атап өтетіндігі, қазақстандық спорттың деңгейін көтеруге қатысты пікірлері, өскелең ұрпақты спортқа баулу мәселелері қызықтырды.

Жас та болса бірсыпыра белесті бағындырып үлгерген, әлем деңгейінде Қазақстан намысын қорғап жүрген спортшының айтуынша, кезінде бұл ауылда мұндай залдың болмауынан қалаға екі сағаттық жол жүріп жаттыққан. Спортқа қадам жасай бастаған жастарға жеңілістеріне қарамастан, өжеттілік танытып, еңсені түсірмеулері жайлы кеңестерін берді. Кімде-кім еңбектенсе, чемпион болмаса да, жақсы азамат болып шығатынына сенім білдірді. Кездесу соңында болашақта бұл залға арнайы келіп, мастер-класс өткізетініне де уәде берді.

Кездесуде болашақ чемпиондар тарапынан қойылған сұрақтарға тұшымды жауап берілді. Ал, жаттықтырушы Нұрсұлтан Орынбасаров келген қонаққа алғысын білдіріп, мұндай жиынның жастарға берері мол екенін айтты.

Кездесу соңында жас спортшылар Қуат Хамитпен естелікке суретке түсті.