Головкин – Джейкобс Нью-Йоркте баспасөз мәслихатын өткізді

Жолдас Өрісбай Корреспондент
Головкин – Джейкобс Нью-Йоркте баспасөз мәслихатын өткізді
Фото ©️ Жолдас Өрісбаев

Алдағы БИГ ДРАМА ШОУ америкалық Джейкобсқа қарсы өтетін болса да, Головкин промоутері мен бапкеріне Канело Альвареспен кездесу мүмкіндігі туралы көбірек сұрақтар қойылды. Америкалық оппонент ресейлік боксшы Дмитрий Пирогқа жеңіліп, алдырған WBA титулін қайта иемденуге сақадай сай екенін айтты. Айта кетсек, ол WBA титулын алты жылдан бері иемдене алмай келеді. Өз кезегінде, Пирог ауыр жарақатына байланысты Головкинге қарсы шыға алмаған соң, белбеу отандасымызға табысталған болатын. Головкин өз кезегінде бар сөзін, алғыс білдіре отырып, қысқа қайырды.

БӨЛІСУ

MSG аренасын "Бокс Меккесі" деп атайтын Джоэл Фишер Головкиннің бокс кеші Нью-Йоркта, ал дәлірек, Madison Square Garden шаршы алаңында ұйымдастырылып отырғанына қуанышты екенін білдірді. Екі боксшының да бірдей қолдаушысы екенін айтқанымен, жиын соңында тек Головкинмен ғана жеке суретке түсіп алды. Питер Нельсон, HBO арнасы директорының орынбасары, Джейкобсқа Бруклин көшелерінде өскендіктен, баскесерлерден қорғану үшін спортқа бару міндет болғанын айта кетіп, Головкиннің де Бруклиннен кем түспейтін жерде қауіпті кезеңде ер жеткенін ескере кетті. Ол КСРО ыдыраған кездегі Қазақстан жағдайының Головкин осындай спорттық мансабқа жету мүмкіндігін тудырғанын айтып өтті. "Головкинмен жекпе-жекке шыққан боксшылардың барлығы көбіне не қорғанатын, не шабуылға үнемі шығатын. Ал Джейкобс екі стильді де қолданады. Алдын ала болжау өте қиын. Нәтижесін бірге 18 наурызда көреміз," - деді HBO өкілі. Баспасөз жиынын, әдеттегідей, бокс кеші сынды, Майкл Баффер ашып берді. Содан кейін баспасөз жиынын Том Лоэффлер жүргізіп отырды.

Головкин промоутерінің айтуынша, аз уақытта билеттердің 30 пайызы сатылып кеткен. Сондай-ақ, Том Лоэффлер Головкинмен алғаш рет кездескен кезіндегі оның талабы әзіргі күнге дейін сол қалпында екенін айтып, оның "ең үздік" болу үшін үнемі бар күшін салатынын жасырмады.

Менің ойымша, оның басым бөлігі қазақтар болады. Дегенмен Джейкобс Бруклиннен болғандықтан, мұнда оның да жанкүйерлері аз емес деп білеміз. Баспасөз жиынына барған отандасымыздың жанкүйерлері де аз болмады. Нью-Йорк қаласында білім алып, жұмыспен жүргендер арнайы ат басын бұрып, Геннадийге қолдау білдіріп қайтты.