Чемпиондар лигасы. «Барселона» «Селтикті» 7:0 есебімен сан соқтырды

О Сансызбай Корреспондент
Чемпиондар лигасы. «Барселона» «Селтикті» 7:0 есебімен сан соқтырды
Фото ©️ vk.com

Футболдан Чемпиондар лигасының топтық кезеңі басталды. Алғашқы күнгі ойындарда ең ірі есеп көрсеткіші «Камп Ноу» стадионында тіркелді. «Барселона» Шотландияның «Селтик» клубын 7:0 есебімен ұтты.

БӨЛІСУ

«А» тобы 

«ПСЖ» (Франция) - «Арсенал»  (Англия)

Парижде өткен ойында 1:1 есебі тіркелді. Кездесудің 1 минутында-ақ есеп ашылып, Эдинсон Кавани топтық кезеңдегі бірінші голды соқты. Екінші таймда Алексис Санчес таразы басын теңестіріп, тең нәтиже тіркеді.

«Базель» (Швейцария)  - «Лудогорец»  (Болгария)

«А» тобында Швейцарияда өткен екінші ойында да 1:1 есебі тіркелді. Нәтижесінде клубтар бір-бір ұпайдан бөлісті.


«В» тобы

«Динамо» (Украина) - «Наполи» (Италия)

Киевтік «Динамо» өз алаңында Неапольдың «Наполи» клубынан ұтылды. Гармаш бірінші болып алаң иелерін алға шығарғанмен, бірінші тайм аяқталар тұста италиялық команда екі гол соғып кетті. Екі голды да Польша құрамасының ойыншысы Аркадиуш Милик соқты. Ол 4 қыркүйек күні Қазақстан құрамасына қарсы ойынға қатысқан болатын.

«Бенфика» (Португалия) - «Бешикташ» (Түркия)

Лиссабонда өткен ойында «Бенфика» Түркияның «Бешикташ» клубымен 1:1 есебімен тең ойнады. 12 минутта Церви алаң иелерін алға шығарған-ды. Алайда ойынның аяқталуына санаулы минуттар қалғанда Талиска есепті теңестіріп кетті. Бразилиялық жартылай қорғаушы осы жазда ғана лиссабондық клубтан «Бешикташқа» ауысқан болатын.

«С» тобы 

«Барселона» (Испания) - «Селтик» (Шотландия)

Каталондық клуб Шотландияның «Селтик» клубын ірі есеппен ұтты. Ойында Лионель Месси хет-трик авторы атанса, Суарес дубль орындады. Ал Неймар мен Андреас Иньеста бір-бір голдан соқты.

Айта кетейік, Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде «Селтик» екі ойынның қорытындысы бойынша «Астананы» жарыс жолынан шығарған болатын.

«Манчестер Сити» (Англия) - «Боруссия М» (Германия) 

Манчестердегі ойын ауа-райының қолайсыздығына байланысты кейінге шегерілді.

«D» тобы

«Бавария» (Германия) - «Ростов» (Ресей)

Мюнхендік «Бавария» Карло Анчелоттидің келуімен күшейе түсті. 5 ойынның барлығында жеңіске жетіп, әлі қақпаларына гол соқтырған жоқ. Топтық кезеңдегі бірінші ойында Ресейдің «Ростов» клубын 5:0 есебімен ойсырата жеңді. Өз алаңында 13 ойын қатарынан жеңіске жетіп, Чемпиондар лигасының рекордын жаңартты.

«ПСВ» (Нидерланд) - «Атлетико» (Испания)

Өткен маусымда Чемпиондар лигасының финалына шыққан мадридтік «Атлетико» сырт алаңда Нидерландының «ПСВ» клубын 0:1 есебімен ұтты. Ойындағы жалғыз голды 43 минутта Сауль Ньигес соқты.

Бүгін Чемпиондар лигасының екінші күніндегі ойындар өтеді.