«Қайрат» пен «Маккаби» бірінші ойында тең түсті (видео)

О Сансызбай Корреспондент
«Қайрат» пен «Маккаби» бірінші ойында тең түсті (видео)
Фото ©️ vk.com

Футболдан Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі «Қайрат» пен «Маккаби Тель-Авив» арасындағы бірінші ойын тең аяқталды. Алматының орталық стадионында өткен ойында 1:1 есебі тіркелді.

БӨЛІСУ

Кахабер Цхедадзе жаттықтыратын алматылық клуб ойынды ширақ бастады. 8 минутта Жерар Гоу қарсыластар қақпасына алғашқы голды соғып та үлгерді. Алайда бас төреші шабуылшының ойыннан тыс қалғанын ескеріп, голды есепке алған жоқ. 26 минутта израильдік клубтың ойыншылары айып алаңында Исаэльге қарсы ереже бұзғандай көрінген. Фин төрешісі пенальти белгілеген жоқ.

Ойындағы есеп 29 минутта ашылды. Жарко Марковичтің әуелете асырған пасын Жерар Гоу Андрей Аршавинге асқан шеберлікпен қалдыра білді. Нәтижесінде клубтың ресейлік легионері өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ.

Бірінші тайм аяқталғанша «Маккаби» ойыншыларының да есеп теңестіруге мүмкіндігі болды. Бұл сәтте Владимир Плотников шеберлік танытты. 66 минутта да қақпашы командасын голдан құтқарып қала білді. Дегенмен ойын соңында «Маккаби Тель-Авив» таразы басын теңестіріп кетті. Йосси Бенаюнның тепкен добы «Қайрат» қақпасында тулады.

Қосымша уақытта «Қайрат» ойыншысы Гафуржан Сүйімбаев мергендігімен көзге түскен-ді. Бірақ төреші гол соғылғанға дейін Бауыржан Исламханның ойын ережесін бұзғанын анықтап, нәтижені есепке алған жоқ. Тіпті алматылық клубтың капитанына қызыл қағаз көрсетіп, ойыннан шектеді.

«Маккаби» мен «Қайрат» арасындағы қарымта ойын 21 шілде күні Тель-Авивте өтеді.