Илья Ильин: Соңғы кездері адам баласының түсіне кірмеген салмақтарды көтеріп жүр едім...

Yernar Almabek Корреспондент
Илья Ильин: Соңғы кездері адам баласының түсіне кірмеген салмақтарды көтеріп жүр едім...
Фото ©️ newskaz

Илья келді. Ақмешітке. Жапатармағай кешегі келеңсіз жағдай туралы сұрадық.
«Бокстың тілімен айтсақ, бұл белден төмен жасалған соққы болды. Спорт алаңында жеңе алмағасын, осылай лаң салып жатыр. Тұтас Қазақстан халқының қолдауын сезініп отырмыз. Елбасы да ерекше қамқорлығын көрсетуде. Дəл қазір нақты бірдеңе айту қиын. Бірақ Рио Олимпиадасына спортшы ретінде қатыса алмасам, онда бапкер ретінде қатысамын. Менің тұтас командам бар екенін білесіздер. Олар тынымсыз еңбек етіп жатыр. Міне, осы команда елімізге уəде еткен алтын медальдің бəрін əкеледі.

БӨЛІСУ

Өз басым өмірге өте сергек қараймын. Қазір жасым 28-де ғана. Төрт жылдан кейінгі Олимпиада кезінде де жерге қарап қалмаспын.

Ең басты айтқым келетіні мынау: мен ешкімді алдаған жоқпын. Осы жетістіктің барлығына маңдай тер, қажырлы еңбегімнің арқасында жеттім. Жаттығу кезінде жанымды аямадым. Мұрнымнан қан кеткенше жаттықтым. Соңғы кездері адам баласының түсіне кірмеген салмақтарды көтеріп жүр едім. Жаттығу кезінде əлемдік рекордты 15 келі салмаққа жаңартып тастағанмын. Екі ғана мүмкіндікпен бүкіл қарсыласымды қапыда қалдыратын жағдайға жеткенмін. Спорттық бəсекеде тоқтата алмағандар, осылайша тосқауыл болғысы келген екен. Мұны да көріп алайық», — дейді Ерің!

Қайғы жұтып, қабырғасы қайысып, қамығып, қапаланып тұрған жоқ чемпион. Əркездегідей қаны қызып, арқасы қозып тұр. Аяқтан шалғандардың əрекетіне шекесінен күліп қарайды. Өйткені өзінің ақ екенін анық біледі. Ал аққа дақ жұқпайды. Бұл Олимпиададан шеттетіп тастасаңдар, келесісіне барып талқанын шығарамын дейді. Тіпті болмаса, өзі секілді толағайларды тəрбиелеп шықпақ. Бір Ильяның орнына онын алып шықса қайтер екен əлгі халықаралық ауыр атлетика федерациясы?! Қысқасы, əлемнің бүкіл темір-терсегін төбесінен аударып тастай салатын біздің батыр барлығына дайын. Қалай болғанда да Қазақстанның қоржынына олжа салмай тоқтамауға бел буған. Елі үшін туған ер осындай-ақ болсын!

Автор: Ержан Байтілес

Дерек: Ұлт.кз