Илья Ильин әлемнің ең үздік ауыр атлеті атанды

О Сансызбай Корреспондент
Илья Ильин әлемнің ең үздік ауыр атлеті атанды
Фото ©️ vk.com

Ауыр атлетикадан Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы, әлемнің төрт дүркін чемпионы Илья Ильин 2015 жылғы әлемнің үздік зілтеміршісі атанды. Халықаралық ауыр атлетика федерациясының жыл сайынғы дауыс беру шарасының қорытындысы бойынша қазақстандық зілтемірші ер спортшылар арасында теңдессіз деп танылып отыр.

БӨЛІСУ

Илья Ильин үшін 2015 жыл сәтті болды. Сыр өңірінің саңлағы Хьюстонда өткен әлем чемпионатына қатыспаса да, Грозныйдағы РФ президенті кубогына қатысып өзін қарсыластарына мойындата білді. Чемпион атанып қана қоймай, екі бірдей әлем рекордына өзгеріс енгізді. Алдымен серпе көтеруде 246 келіні көтеріп рекорд орнатса, қос жаттығудың қорытындысы бойынша беларус спортшысы Андрей Арямновтың рекордын жаңартты.

Халықаралық ауыр атлетика федерациясының ресми сайты хабарлағандай, отандасымыз ер спортшылар арасында үздік болып танылса, әйелдер арасында әлемнің үздік зілтеміршісі атағы қытайлық Тайбэй спортшысы Сюй Шу-Чинге бұйырды. Ол Хьюстонда өткен әлем чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінген болатын.  

Айта кетейік, Илья Ильин екінші жыл қатарынан әлемнің үздік ауыр атлеті атанып отыр. Ал спорттық мансабында төрт рет әлемнің үздік зілтеміршісі атанған. Отандасымыз 2005-2006 жылы да үздік шыққан еді.