«Барыс» Астанада Риганың «Динамо» клубын ойсырата жеңді (видео)

Нұржамал Үсенова Корреспондент
«Барыс» Астанада Риганың «Динамо» клубын ойсырата жеңді (видео)
Фото ©️ vk.com

Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсететін Астананың «Барыс» хоккей клубы өз алаңында Риганың «Динамо» клубын ойсырата жеңді. Клубтың жаңа мұз айдынында өткен ойында 5:1 есебі тіркелді.

БӨЛІСУ

Мұз айдындағы кездесудің бірінші кезеңінде қос команда бір-бірінің қақпасына бірнеше реттен қауіп төндіргенмен, есеп ашылмады. Екінші кезеңді ширақ бастаған Андрей Назаров шәкірттері 25 минутта қонақтар қақпасын дәл көздеді. Константин Пушкаревтің соққысын «Динамо» қақпашысы қайтарғанмен, Вадим Краснослободцев соққысын қайтара алмады. Нәтижесінде бір шайба басымдығымен екінші кезеңде жеңіске жетіп шықты.

Үшінші кезеңді «Барыс» ойыншылары жоғарғы деңгейде өткізді. Алдымен Найджел Доус есепті еселесе, Дастин Воуд пен Константин Романов таблодағы нәтижені ұлғайтты. Кездесу соңында Роман Старченко есепті 5:0-ге жеткізсе, қонақтар да құр қол қайтпады. 54 минутта Виталий Павлов бір шайбаны еншісіне жазды.

Айта кетейік, «Барыс» үшінші ойын қатарынан өз мұз айдынында жеңіске жетіп отыр. Келесі кездесуін де 12 қараша күні «Йокеритке» қарсы Астанада өткізеді.