«Куба қабыландары» Астанаға ат басын бұрды

О Сансызбай Корреспондент
«Куба қабыландары» Астанаға ат басын бұрды
Фото ©️ astanaarlans.kz

20-21 маусым күндері Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) финалы Астана қаласында өтеді. Осыған орай қазақстандық «Astana Arlans» клубымен чемпиондық атаққа таласатын Кубаның «Сuba Domadores» клубы Елордаға ерте келді.

БӨЛІСУ

«Бостандық аралынан» келген қонақтардың Астанаға ерте жетуінің де себептері бар. Өйткені, боксшылар финал алдында ауа-райына бой үйретіп, ұзақ жолдан кейін тынығып алулары да қажет. Әзірге екі клуб та шешуші жекпе-жекте шаршы алаңға шығатын құрамын жариялаған жоқ.

«Сuba Domadores» 2015 жылғы WSB жобасының «А» тобында бақ сынап барлық кездесулерінде жеңіске жетті. Жалпы бұл жыл кубалық боксшылар үшін аса сәтті өтуде. Ұлттық құрама былғары қолғап шеберлері халықаралық жарыстарда көзге түсіп келеді. Олимпиада және өзге де ірі жарыстарда елдің намысын қорғайтын көп боксшылар осы - «Сuba Domadores» құрамында. Оның бесеуі WSB жобасы аясында 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасының жолдамасына ие болып үлгерді. Осы уақытқа дейін өткізген 15 кездесуінің барлығында жеңіске жеткен «Бостандық аралының» клубы о баста жарыстың басты фавориттерінің бірі болатын.

Марат Жақиев жаттықтыратын «Astana Arlans» та бесінші маусымды сәтті өткізіп келеді. Қазақстандық клуб та о баста жарыстағы басты фавориттердің бірі болып саналған. Тіпті Қазақстан мен Куба арасындағы клубтардың финалда кездесетініне күмән келтірушілер де аз болды. Отандастарымыз топтық кезеңнің соңғы турында «Italia Thunder» клубына ғана есе жіберді. Жартылай финалда ресейлік қарсыластарын екі күнгі жекпе-жектер қорытындысы бойынша 9:1 есебімен ұтты.

Астанада өтетін WSB жобасының финалы нағыз тартысқа толы болғалы тұр. Жанкүйерлер бұл бокс кешін «Хабар» арнасынан тікелей эфирде тамашалай алатын болады. Сенбі күні шаршы алаңға шығатын боксшылардың есімі ертең анықталады. Ал жексенбіде жұдырықтасатындар бейсенбі күні белгілі болады.