Бейбіт Назаров «Kunlun Fight» жүйесі бойынша чемпион атанды

О Сансызбай Корреспондент
Бейбіт Назаров «Kunlun Fight» жүйесі бойынша чемпион атанды

Аралас жекпе-жектен қазақстандық танымал спортшы Бейбіт Назаров «Kunlun Fight» жүйесі бойынша Алматыда өткен турнирде бразилиялық Бруно Аморимді жеңіп, чемпион атанды.

БӨЛІСУ

Бейбіт Назаровқа дейін «Әлем Файтерс» командасының күрзі жұдырықты жігіттері өнер көрсетті. Қазыбек Әшімов кәріс Джеон Винсоктан басым түсіп, чемпиондық белбеуді иеленді. Сонымен қатар, Асқар Үмбетов, Нұржан Тұтқаев, Бауыржан Қуанышбаев, Нұрберген Шәріпов, Руслан Қамзаев және Алтынбек Бәжімов сынды қазақстандық спортшылар қарсыластарынан мықты екенін дәлелдей білді. Тек Алпамыс Адиятовтың ғана жолы болмады. Ол қытайлық Шжан Чжифтен ұтылды.

Бейбіт Назаров пен Бруно Аморим арасындағы жекпе-жек текетіреске толы болды. Үшінші раундта ережеге сай емес әдісі үшін қазақстандық спортшы төреші тарапынан жазаланды. Негізгі раундта бір-біріне басымдығын мойындата алмаған қос қарсылас жеңімпазды қосымша уақытта анықтады. Нәтижесінде Бейбіт Назаров қарсыласынан басым түсіп, чемпион атанды. Ал бразилиялық спортшы төрешілер шешіміне разы болмай, марапаттау рәсімін күтпеді.

Айта кетейік, «Kunlun Fight» жүйесіндегі турнир Қытай, Австралия және Еуропа елдері арасында танымалдылыққа ие. 

Cурет: massaget.kz