Александр Меркель Исландияға қарсы ойнамайды

О Сансызбай Корреспондент
Александр Меркель Исландияға қарсы ойнамайды

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының сапын жақында ғана толықтырған ойыншы Александр Меркель Исландияға қарсы ойнамайтын болды.

БӨЛІСУ

Қазақстан ұлттық құрамасы 28 наурыз күні 2016 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Исландиямен кездеседі. Астанада өтетін ойынға құраманың жаңа ойыншысы Александр Меркель қатысады деп күтілген еді. Бірақ, бүгін белгілі болғандай жартылай қорғаушы бұл ойынға қатыспайтын болды. Швейцарияның «Грасхоппер» клубында өнер көрсететін футболшы жарақат алып қалған. Сондай-ақ, Қазақстан ұлттық құрамасы сапында ойнауға ФИФА рұқсат қағазын алмаған. Бірақ, алдағы ойынға қатыспауының себебі ол емес, жарақаты. Рұқсат қағазы жақын күндері беріледі деп күтілуде.

Айта кетейік, Александр Меркель Алматы қаласында неміс отбасында дүниеге келген. Әкесі алматылық «Қайрат» сапында ойнаған. Кейіннен Александр Меркель 6 жасқа толғанда тарихи отандарына қоныс аударған. Қазіргі таңда ол Германия және Қазақстан азаматы болып саналады. 22 жастағы жартылай қорғаушы осыған дейін Еуропаның танымал «Милан» (Италия), «Удинезе» (Италия), «Дженоа» (Италия) және «Уотфорд» (Англия) клубтарында ойнаған. Александр Меркель 2007-2011 жылдар аралығында Германияның әр жастағы жасөспірімдер мен жастар құрамасында ойнаған. Ойындарында гол да соққан. Десе де Йоахим Лев баптайтын Германия ұлттық құрамасы сапына шақырту алуға қабілеті жетпейтіні белгілі. ФИФА ережесіне сәйкес, Александр Меркель Қазақстан құрамасында өнер көрсете алады. Себебі, бұл футболшы Қазақстанда дүниеге келген.

28 наурыз күні «Астана-Арена» стадионында өтетін Қазақстан-Исландия ойынын «Қазақстан» ұлттық арнасы тікелей эфирде көрсететін болады.

Сурет: sports.kz

Оқи отырыңыз

Александр Меркель Қазақстан құрамасы сапында ойнайтын болды

Меркель Қазақстаннан бұрын Ресей құрамасында ойнағысы келген