«Арландар» Шымкентте тоғызыншы жеңісін тойлады

О Сансызбай Корреспондент
«Арландар» Шымкентте тоғызыншы жеңісін тойлады

Бүкіләлемдік бокс сериясында (WSB) ел намысын абыроймен қорғап келе жатқан «Astana Arlans» Шымкентте Польшаның «Rafako Hussars Poland» клубын 5:0 есебімен ойсырата жеңді.

БӨЛІСУ

Шымкент қаласында алғаш рет ұйымдастырылған «Astana Arlans» клубының жекпе-жегіне жанкүйерлер зор қолдау білдірді. Шаршы алаңға шыққан бес боксшымыз да қарсыластарынан мықты екенін дәлелдей білді.

49 келіге дейінгі салмақта бірінші болып шаршы алаңға Жомарт Ержан мен Давид Ягодзинский көтерілді. «Astana Arlans» клубы сапындағы алғашқы жекпе-жегіне шыққан қазақстандық боксшы барын салды. Жұдырықтасу бес раундқа созылып, Жомарт Ержан ұпай айырмасымен жеңіске жетті.

56 келіге дейінгі салмақта Мейірболат Тоитов Сильвестр Козловскийден 50:44, 50:44, 50:44 есебімен басым түсті. Яғни, айқын басымдық танытты.

«Astana Arlans» клубының капитаны Самат Башенов та ерледі. Қарсыласы Казимир Леговский қанша ауыр соққылар алғанымен, соңғы раундқа дейін шыдады. Бірақ, бесінші раундты соңына дейін аяқтай алмады. Нәтижесінде Самат Башенов техникалық нокаутпен жеңіске жетіп, қазақстандық клубқа мезгілінен бұрын жеңіс сыйлады.

Аса тартысты жекпе-жек 75 келіге дейінгі боксшылар арасында өтті. Отандасымыз Мейірболат Тойтов басты қарсыласы Томаш Яблонскийден басым түсті. Басты қарсыласы дейтін себебіміз – поляк клубының өкілі боксшылар рейтингінде көш бастап тұрған болатын. Енді Мейірболат бұл рейтингтің көшін бастауы бек мүмкін.

91 келіге дейінгі салмақта Василий Левитті жеңем деп келген Игорь Якубский ойсырай ұтылды. Бес раундқа дейін жұдырықтасуды жақтырмайтын қазақстандық боксшы қарсыласын бірден ауыр соққылардың астына алды. Үш раунд ішінде бір емес, бірнеше рет қарсыласын сұлатып түсірді. Ақырында «Rafako Hussars Poland» клубының бапкерлері ақ орамалын ортаға тастап шәкірттерін арашалап алып қалды.

Айта кетейік, бұл «Astana Arlans» клубының V маусымдағы тоғызыншы жеңісі. Марат Жақиев жаттықтыратын ұжым келесі кездесуін де Шымкент қаласында (20 наурыз) Әзірбайжанның «Baku Fires» клубына қарсы өткізетін болады.

Сурет: vk.com

Оқи отырыңыз

Жаңа маусымдағы «Astana Arlans» сапына кімдер қосылды?

«Astana Arlans» V маусымды жеңіспен бастады

«Astana Arlans» Польшада «Hussars Poland» клубын жеңді

«Astana Arlans» Губада «Baku Fires» командасын жеңді

«Арландар» «Нокаутшыларды» нокаутқа жіберді