Қазақстандық балуандар Минскіден олжалы оралды

О Сансызбай Корреспондент
Қазақстандық балуандар Минскіден олжалы оралды

Беларусь елінің астанасы Минскіде еркін және әйелдер күресінен үш дүркін Олимпиада чемпионы Александр Медведті еске алуға арналған гран-при турнирі аяқталды. 45-ші ұйымдастырылып отырған додаға қазақстандық еркін күрес шеберлері де қатысып, алты жүлде еншілеп қайтты.

БӨЛІСУ

Минскіде өткен гран-при турниріне 28 елден 300-ден астам спортшы қатысты. Оның ішінде 26 елден келген 282 балуан еркін күрестен бақтарын сынаса, 13 елден келген 113 қыз-келіншектер өзара жүлдені сарапқа салды.

Қазақстан құрамасы 2 күміс 4 қола еншіледі. Оның төртеуін бұрымды балуандарымыз жеңсе, қалған екеуін еркін күрес шеберлері жеңіп алды.

Әйелдер күресінен Айым Әбділдина мен Екатерина Ларионова күміс жүлдегер атанса, Элеонора Әбутәліпова мен Айжан Исмағұлова қола жүлде еншіледі. Ал еркін күрестен ерлер арасында Дәулет Ниязбеков пен Саятбек Оқасов қола жүлдегерлер атанды. 

Ал грек-рим күресінің шеберлері Венгрияның Сомбателли қаласында өткен гран-при турниріне қатысып, екі қола медаль еншілеп қайтты. 59 келіге дейінгі салмақта Алмат Кебіспаев пен 71 келіге дейінгі салмақта белдескен Нұржан Надыров жүлдегерлер қатарынан көрінді. Азия ойындарының чемпионы Нұрмахан Тінәлиев болса,  ширек финалда эстон Хэйки Набиден жеңіліп, жүлдесіз қалды.

Сурет: inform.kz

Оқи отырыңыз

Қазақстандық «классик» балуандардың әлемдік рейтингтегі нәтижелері жоғарылады

Ислам Байрамуков: Алты жасар шәкірттерім бар