Гузель Манюрова Олимпиадаға дайындалу үшін қызметінен босады

О Сансызбай Корреспондент
Гузель Манюрова Олимпиадаға дайындалу үшін қызметінен босады

Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері, күрестен Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Гузель Манюрова өз еркімен қызметінен кетті. Бұл туралы ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының баспасөз қызметі хабарлап отыр.

БӨЛІСУ

Гузель Манюрованың орнына Қазақстан жастар құрамасын жаттықтырып келген Қайрат Сағадиев келді. Ал ол атқарып келген қызметке Әділет Ермеков тағайындалды.

Бас бапкерлік қызметті Гузель Лондоннан жүлделі оралғаннан кейін қолына алған болатын. Бірақ, үлкен спорттан қол үзген жоқ. Шәкірттерімен бірге байрақты бәсекелерде бақ сынап жүрді. Бірақ, жанкүйерлер арасында бапкер болып Гузельдің баруы туралы сан түрлі пікірлер айтылды. «Бас бапкер болып, финалда жеңіліп жатса, басқа шәкірттері қалай алтын алады» деп сыналғаны да бар. Нәтижесінде Гузель мен әріптестері бір тоқтамға келіп, спортшы өз еркімен Олимпиадаға дайындалу үшін қызметін босатты.

- Бұл шешім әріптестер талқылауымен қабылданды. Бас бапкерліктен кету оңай емес. Бірақ, алдыма 2016 жылғы Олимпиадада жоғарғы нәтиже көрсетуді мақсат тұтып отырмын. Жанкүйерлер сенімін ақтауға тырысатын боламын. Ал Қайрат Сағадиевке алдағы жұмысында табыс тілеймін, - деді Гузель Манюрова.

Жаңа бапкер Қайрат Сағадиев те тәжірибелі бапкерлер қатарынан. Жастар құрамасының аға бапкері қызметінде айтарлықтай жетістіктерге жете білді. Өткен Азия чемпионатында Қайрат Сағадиев шәкірттері 1 алтын 1 күміс 3 қола жеңіп алса, әлем чемпионатында 1 күміс пен 1 қола еншіледі. 

Сурет: sportinfo.kz