Венгрияда тағы ескі Әнұранымыз шырқалды

О Сансызбай Корреспондент
Венгрияда тағы ескі Әнұранымыз шырқалды

Жастар арасында хоккейден Венгрияның Дунайварош қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында еліміздің ескі Әнұраны шырқалды. Бұл туралы «shaiba.kz» порталы хабарлап отыр.

БӨЛІСУ

Әнұран Қазақстан және Украина құрамалары кездесуі соңынан шырқалған. Ойында отандастарымыз 5:1 есебімен жеңіске жеткен болатын. Негізі, жарыс басталғанша Қазақстан делегациясы ұйымдастырушыларға еліміздің жаңа Әнұранын табыстаған. Бірақ, не үшін екені белгісіз ойын соңынан кейін Қазақстанның ескі Әнұраны қойылып кеткен. Бұл мәселе енді турнирдің директорлар кеңесінде талқыланатын болады.

Соңғы уақытта спортта ескі Әнұранымыз шырқалатын кездер жиі орын алуда. Яғни, бұл – бірінші жағдай емес. Осыдан шамамен бір ай бұрын ғана бокстан Оңтүстік Кореяда өткен әйелдер арасындағы VІІІ әлем чемпионатында Қазақстанның ескі Әнұраны орындалған. Сонымен қатар, Италияның Верона қаласында волейболдан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты мен Мәскеудегі «ЦСКА» мен «Барыс» арасындағы кездесуде де ескі Әнұранымыз шырқалған еді.

Айта кетейік, бүгін түнде отандастарымыз буллит сериясында Францияны жеңген Жапония жастарымен кездеседі.

Сурет: zeleo.ru