ЕҰУ командасы – ұлттық студенттер лигасының чемпионы!

О Сансызбай Корреспондент
ЕҰУ командасы – ұлттық студенттер лигасының чемпионы!

2014 жылдың көктемінде Қазақстан футбол федерациясы мен Білім және ғылым министрлігі өзара меморандумға қол қойып, нәтижесінде футболдан ұлттық студенттер лигасы құрылған болатын. Ал қыркүйек айынан бастап доп додасы республикалық көлемдегі тартысын бастаған еді. Енді сол байрақты бәсекенің де тұңғыш жеңімпазы анықталды.

БӨЛІСУ

«Күз-2014» ұлттық студенттер лигасының республикалық кезеңіне жолдама алған 8 команда екі топқа бөлініп, төрт күн ішінде өзара мықтыны анықтады. Ойындар Астана қаласындағы «Астана-Арена» стадионында өтті. Жартылай финалда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті командасы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің құрамасын 2:1 есебімен жеңді. Ал Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің теңбіл доп шеберлері Қазақ ұлттық аграрлық университетінің командасын 3:0 есебімен тізерлетті. Нәтижесінде финалда ҚазҰУ мен ЕҰУ командалары қайта кездесті (екі команда топтық кезеңде де бірге өнер көрсетіп, ҚазҰУ құрамасы 5:0 есебімен басым түскен).

Ұлттық студенттер лигасының финалдық кездесуіне 7000-ға жуық жанкүйер жиналды. Құрметті қонақтар қатарында ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов, ҚФФ президенті және Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков, ҚФФ бас хатшысы Аллен Шайжүнісов, ел кәсіби футбол лигасының төрағасы Олжас Абраев және ҚФФ вице-президенті Сейілда Байшақов болды. Ал танымал әнші Қайрат Нұртас өзінің әншашуымен жанкүйерлерді қуантты.

ҚазҰУ мен ЕҰУ командалары ойын көркін алғашқы минуттардан қыздыра білді. Кездесудің 2-ші минутында-ақ елордалық жоғарғы оқу орнының ойыншысы Ислам Ахметов дәл бағыттаған соққысымен есеп ашты. Араға 5 минут сала Руслан Сандыбаев екі доп басымдығымен ЕҰУ командасын алға шығарды. Одан кейінгі аралықта шабуылда назарда ұстаумен жүрген ҚазҰУ құрамасы бір сәт қорғанысты естен шығарып, нәтижесінде үшінші голды қақпасына соқтырып алды. Екінші таймда екі Алматыдан келген команданың екі ойыншысы алаңнан қуылып, таблодағы есепке өзгеріс енбеді. Қорытындысында ЕҰУ командасы ұлттық студенттер лигасының чемпионы атанды.

Үшінші орын үшін өткен ойында Қазақ ұлттық аграрлық университетінің командасы Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің құрамасын 3:2 есебімен жеңді.

Айта кетейік, осыған дейін ұлттық студенттер лигасының чемпионы атанған команда мен жүлдегер команда ойыншылары 2014/2015 жылғы еурокубок додаларының финалдық кездесулеріне баратыны белгілі болған еді. Бірінші орынмен қоса, Чемпиондар лигасы финалының жолдамалары ЕҰУ командасына бұйырды. Олардың 5 ойыншысы Чемпиондар лигасының (Берлин, «Олимпиштадион»), ал өзге жүлдегер командалардан 5 ойыншы Еуропа лигасының (Варшава, «Орталық стадион»), 5 ойыншы Суперкубок ойындарының (Тбилиси, «Динамо-Арена») финалына баратын болады. 

Сурет: studliga.kz