Қазақстан құрамасы түріктердің тегеурініне төтеп бере алмады

О Сансызбай Корреспондент
Қазақстан құрамасы түріктердің тегеурініне төтеп бере алмады

2016 жылы Францияда өтетін Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Түркиямен кездескен Қазақстан құрамасы 3:1 есебімен жеңіліп қалды.

БӨЛІСУ

Ресейлік төрешінің ысқырығы шалынысымен түріктер шабуылға лап қойды. Топтағы жағдайының нашар екенін білетін Фатих Терим шәкірттері үш ұпайдың маңыздылығын алғашқы минуттардан-ақ сезінгендей. Александр Мокин қорғаған қақпадан саңылау табуға асыққан алаң иелері жоспарларын іске асыруға асықты. 26-минутта Ринат Абдуллин айып алаңында ереже бұзып, Қазақстан құрамасының қақпасына пенальти белгіленді. 11 метрік соққыны Бурак Йылмаз ойдағыдай орындап, допты қақпа торында тулатты. Араға үш минут сала Александр Мокин мен орталық қорғаушылардың өрескел қателігі екінші голдың соғылуына себепкер болды. Бұл жолы да Бурак белсенді. Бірінші таймда алаң иелерінің екі доп басымдығы ғана нәтижеге айналғанмен, түріктердің тегеуріні айқын байқалды.

Үзіліс кезінде Юрий Красножан шәкірттеріне жаңа жүйеде ойнауды ұсынғандай. Бірінші таймда көзге түсе алмаған Бауыржан Исламхан орталық алаңдағы орнына оралды. Доп ұстауда да жерлестеріміз сауатты өнер көрсете бастады. Алайда, стандартты жағдайларға үміт артқан отандастарымыз қарсыластарының да бұл жүйеде осал емес екенін бір сәт естен шығарып, 83-ші минутта қақпамызға үшінші голды өткізіп алды. Бұл сәтте бұрыштамадан асырылған допқа бірінші болып Сердар Азиз жетіп, баспен қақпаны дәл көздеді.

Соңғы минуттардың өтіп жатқанын сезінген жерлестеріміз тәуекелге бел буды. Айып алаңында Ұлан Қонысбаевқа қарсы ереже бұзылып, пенальти белгіленді. Нүктеден Самат Смақов сенімді түрде допты қақпаға тоғытты. Кейіннен Арда Туран да айлаға салып, Қазақстан құрамасы айып алаңының ішінде бірнеше рет жер құша құлап көрді. Бірақ, ресейлік қазы бұл «өтірігі» үшін өзін жазалады. Одан кейінгі соңғы секундтарда Алексей Щеткиннің есепті тағы да қысқартуға мүмкіндігі болған. Өкінішке орай, сәттілік серік болмай, түрік қақпашысы допты дәл сызықтан алып шықты. Нәтижесінде 3:1 есебімен үш ұпайды өздеріне қалдырған Түркия құрамасы «А» тобында төртінші орынға көтерілді.

Кездесу статистикасы:

Допқа иелік ету: 64% — 36%
Соққылар: 17 — 5
Қақпаға дәл соққы: 8 — 4
Қақпашы құтқаруы: 3 — 5
Ереже бұзу: 11 — 20
Офсайдтар: 3 — 3
Бұрыштама: 4 — 6
Сары қағаз: 3 — 1
Ойыншы алмасу: 3 — 3. 

«А» тобында Қазақстан құрамасынан өзге де командалар төртінші тур ойындарын өткізді. Амстердамда Латвияны қабылдаған Гус Хиддинк командасы қонақтарды ойсырата жеңді. Осы ойында ұпай жоғалтар болса қызметінен кететінін білген Нидерланды құрамасы бапкері шәкірттерін жақсы дайындағаны мен рухтандырғаны көрініп-ақ тұр. Арьен Роббен мен Класс Ян-Хунтеллар дубль авторлары атанса, Робин ван Перси мен Брума бір-бір доптан еншілеріне жазды. Ал латвиялықтарға бір гол соғу да бұйырмады.

Бұл топтағы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңін чехтар мен исландиялықтар сәтті бастады. Төртінші турда жолыққан қарсыластар уақытша өзара мықтыны анықтады. Чехияда өткен ойында алаң иелері үш ойын қатарынан келе жатқан жеңісті жолын жалғады. Нәтижесінде 12 ұпаймен топтың тізгінін ұстады.

Осылайша 2014 жылға жоспарланған іріктеу кезеңінің барлық ойындары мәресіне жетті. Енді Қазақстан құрамасы өз алаңында 2015 жылдың 28-ші наурызында Исландиямен кездеседі.

 "A" тобы     Ойын         Жеңіс         Тең         Жеңіліс         Голдар         Ұпай    
1.     Чехия 4 4 0 0 10:5 12
2.     Исландия 4 3 0 1 9:2 9
3.     Нидерланды     4 2 0 2 10:5 6
4.     Түркия 4 1 1 2 5:7 4
5.     Латвия 4 0 2 2 1:10 2
6.     Қазақстан 4 0 1 3 4:10 1

Сурет: AFP