Ильин мен Манеза жаңа салмақта өнер көрсетеді

О Сансызбай Корреспондент
Ильин мен Манеза жаңа салмақта өнер көрсетеді

Ауыр атлетикадан Алматыда өтетін әлем чемпионатында отандастарымыз Илья Ильин мен Майя Манеза жаңа салмақ дәрежесінде өнер көрсететін болады.

БӨЛІСУ

Пекин мен Лондонда өткен Олимпиада ойындарының жеңімпазы, әлем чемпионатының шыңын үш рет бағындырған Илья Ильиннің 105 келіге дейінгі салмақта бақ сынайтынын осыған дейін белгілі болған еді. Жаңа салмақ дәрежесінде де қазақстандық спортшы басты фавориттердің қатарында. Илья жарыс жолына 15 қараша күні шығады.

Бүгін Майя Манезаның да жаңа салмақ дәрежесінде өнер көрсететіні анықталды. 6 келі салмақ қосқан қазақстандық зілтемірші 69 келіде жүлдеге таласпақ. Айта кетейік, спортшы 63 келіде талай белестерді бағындырды. Екі рет әлем чемпионы атанып қана қоймай, 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарында алтыннан алқа таққан еді. Алдағы әлем чемпионатында бас бапкер Алексей Ни Майяға алтын алу міндеттемесін қоймаса да, жүлделі орындардан көрінетініне сеніммен қарауда. Оның үстіне, Илья мен Майя Олимпиада ойындарынан кейін алғаш рет байрақты бәсекеге қатысқалы отыр.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, жарақат алған Светлана Подобедованы 75 келіде жарысқа қатысып жүрген Анна Нұрмұхамедова алмастырды. Сонымен қатар, ұлттық құраманың бас бапкері Алексей Ни 58 келідегі Сәуле Сәдуақасованың орнына Гүлназ Наурызованы қатыстыруды жөн деп шешіпті.

Естеріңізге сала кетсек, ауыр атлетикадан әлем чемпионаты ертең салтанатты түрде ашылады. 16 қарашаға дейін созылатын дүбірлі додаға барлығы 683 спортшы қатысқалы отыр. Кіл мықтылар бақ сынайтын жарыста 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына лицензия берілетін болады. 

Сурет: vk.com