US Open. Зарина Диас жұптық сайыстың ширек финалына өтті

Нұржігіт Айдархан Корреспондент
US Open. Зарина Диас жұптық сайыстың ширек финалына өтті

Қазақстандық теннисші Зарина Диас АҚШ ашық біріншілігінің (US Open) жұптық сайысында ширек финалға өтті.

БӨЛІСУ

Қытайлық теннисші И Фань Сюймен жұп құрған жиырма жастағы қазақ қызы үшінші кезеңде чехиялық Луция Градецкая мен нидерландылық Михаэлла Крайчек жұбын жеңді. Есеп – 7:6 (7:3), 6:2. И Фань Сюй мен Заринаның 1/4 финалдағы қарсыласы Сания Мирза (Үндістан) / Кара Блэк (Зимбабве) – Елена Янкович (Сербия) / Клара Коукалова (Чехия) жұптарының жеңімпазы болады деп күтілуде.

Зарина мен И Фань Сюй екінші кезеңде америкалық Лорен Дэвис пен чехиялық Рената Воракова жұбын 6:3, 7:6 есебімен қапы қалдырған-ды.

Естеріңізге сала кетсек, Зарина Диас US Open турнирінің жекелей сынында үшінші кезеңнен аса алмады. Қазақстанның бірінші ракеткасы бірінші кезеңде ураиналық теннисші Леся Цуренконы 6:1, 6:2 есебімен еш қиындықсыз тізе бүктірген болатын. Ал, екінші кезеңде 15 жасар америкалық теннисші Кэтрин Кэртан Беллиспен жолығып, 6:3, 0:6, 6:2 есебімен басым түсті. Үшінші кезеңде әлемнің он сегізінші ракеткасы саналатын ресейлік теннисші Екатерина Макароваға 2:6, 4:6 есебімен есе жіберді. 

Зарина соңғы жаңартылған WTA рейтингінде 48-нші орында келеді.

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: vesti.kz