Ел кубогы жартылай финалының алғашқы кездесулері өтті

О Сансызбай Корреспондент
Ел кубогы жартылай финалының алғашқы кездесулері өтті

­Футболдан ел кубогының жартылай финалындағы алғашқы кездесулер мәресіне жетті. Алматылық «Қайрат» өз алаңында «Шахтерды» жеңсе, Ақтөбеде Владимир Газзаев шәкірттерімен «Астана» тең тарқасты.

БӨЛІСУ

Алматының орталық стадионында өткен ойында жергілікті ұжым ойынды толықтай өз қолында ұстамаса да, нәтиже мен гол соғуға мүмкіндіктер таба білді. «Қайрат» ойыншылары қателеспегенде Александр Мокин қақпасынан екі рет емес, үш-төрт рет допты алып шығары анық еді. Ойындағы есепті 18 минутта команданың испаниялық легионері Риера ашты. Екінші таймда Жерар Гоуды алмастырған Аслан Дарабаев есептегі басымдықты еселеп кетті. Ал ойын соңы қақтығыстарға ұласып, нәтижесінде «кеншілер» қатарынан жас шабуылшы Тоқтар Жаңғылышбай алаңнан қуылды.

Ақтөбеде өткен кездесуде 1:1 есебі тіркелді. Бірінші болып «Астана» сапынан Фокси Кетевоама есеп ашса, 63 минутта Маркос Пизелли таразы басын теңестірді. Еуропа лигасының плей-оф кезеңіне шыққан қос клуб топтық кезеңге шығу мүмкіндігіне берілген алғашқы ойындарын келесі аптада өткізеді.

Ел кубогының жартылай финалының қарымта кездесулері 24 қыркүйек күні өтеді. 

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sports.kz