Премьер-лига. «Спартак» сенсация жасады

О Сансызбай Корреспондент
Премьер-лига. «Спартак» сенсация жасады

Бүгін футболдан ел премьер-лигасының ХVІ тур ойындары мәресіне жетті. Семейлік «Спартак» алғаш рет жеңіске жетсе, көш бастап келе жатқан «Ақтөбе» үшінші ойын қатарынан ұпай жоғалтты.

БӨЛІСУ

Үш ойында тең есеп тіркелді. Үшеуінде де 1:1 есебі. Көш басында келе жатқан «Ақтөбе» өз алаңында шымкенттік «Ордабасымен» тең ойнады. 23 минутта Игорь Зенкович пенальтидан гол соқса, 69 минутта қонақтар қатарынан Қайрат Әшірбеков таразы басын теңестірді. Дәл осындай есеп «Ертіс» пен «Қайсар», «Тобыл» және «Астана» араларындағы кездесулерде тіркелді.

Семейлік «Спартак» премьер-лигаға оралғалы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Өз алаңында «Атырауды» қабылдаған клуб 2:1 есебімен басым түсті. Алматылық «Қайрат» түзде «Тараздан» үш ұпайды иеленіп қайтты. Владимир Вайсс шәкірттері қатарынан Бауыржан Исламхан дубль авторы атанса, Жарко Маркович бір голды еншісіне жазды. Алаң иелері сапынан Мұрат Тілешов премьер-лигада соққан голдарының санын тағы да бірге арттыра білді. Сонымен қатар, Сергей Скорых та бір гол авторы атанды.

Қарағандылық «Шахтер» өз алаңында «Жетісуді» 3:0 есебімен ойсырата жеңді. Никола Василевич  есеп ашса, Михрет Топчагич дубль авторы атанды. Нәтижесінде «кеншілер» ұжымы көшбасшымен аралықты 5 ұпайға дейін қысқарта білді.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vesti.kz