Қазақстан Венгриядан ойсырай ұтылды

О Сансызбай Корреспондент
Қазақстан Венгриядан ойсырай ұтылды

Венгрия астанасы Будапештте алаң иелерінің құрамасымен жолдастық кездесу өткізген Қазақстан ұлттық құрамасы ойсырай ұтылды.

БӨЛІСУ

Алғашқы минуттардан бастап екі команда да гол соғуға деген құлшыныс байқалмады. Алаң иелері өз алаңындағы басымдықты байқатуға тырысты. Аттилла Пинтер шәкірттерінің бұл ұмтылысынан нәтиже де шықты. Ойындағы басымдықты толықтай қолға алған Венгрия құрамасының футболшылары есепті өзгертуге ерте асықпаса да, нәтижені өз пайдаларына шешетініне көздерін жеткізе түсті. 26 минутта бұрыштамадан асырылған допқа жерлестеріміздің сапынан ешбір қорғаушы ұмтыла қоймады. Нәтижесінде Прискин Андрей Сидельников қақпасына еш ойланбастан допты тоғытты. Ал бұл сәтте венгрлік футболшыны өткізбеуі тиіс болған «Қайрат» командасының қорғаушысы Александр Кислицын өрескел қателік жіберді. Ресейдің де азаматтығы бар футболшы бірінші тайм аяқталғанша тағы бірнеше голдың қақпамызда тулауына мүмкіндік беріп қойғанмен, алаң иелері пайдалана алмады.

Екінші тайм белсенер деп үміттенген жерлестерімізден нәтиже шыға қоймады. 62 минутта бір сары қағазы бар Валерий Коробкин қарсылас ойыншысына қарсы ойын ережесін бұзып, алаңнан қуылды. Алыстан Роландо Варгидің бағыттаған соққысын Андрей Сидельников сәтсіз қайтарып, қақпаға ендіріп алды. Алаңға тыңнан кірген Бауыржан Исламхан команданы алға сүйреуге ұмтылғанмен, он футболшымен адым аша алмады. Есесіне соңғы минутта қорғаушылардың сылбырлығы мен салғырттылығы салдарынан үшінші доп Қазақстан қақпасында тулады. Сонымен, есеп 3:0. Венгрия пайдасында.

Екінші ойынын өткізген Юрий Красножанның ойын жүйесінің артықшылығы байқалмады. Құрамаға ардагер Ринат Абдуллинді шақырғанмен, ештеңе өзгере қойған жоқ. Дайындық уақыты аз болды деген ресейлік маманның уәжі жөн де секілді. Өйткені, футболшылар әлі бір-бірін түсіне алмай өнер көрсетті. Ойын жүйесіндегі өрлеу көрінбеді. Бәлкім, алдағы ресми кездесулерде жерлестеріміздің ойын жүйесіне «жан» кіріп, қажетті нәтижеге қол жеткізеді деген сенімдеміз. Жерлестеріміздің келесі кездесуіне сәттілік тілейміз!

Венгрия — Қазақстан 3:0 (1:0) 
Голдар:
 Приcкин 26 (1:0), Варга Р. 63 (2:0), Энгель автогол 90 (3:0)
Ескертулер: Абдулин 17, Коробкин 24, Малый 77
Алаңнан қуылды: Коробкин 62
Венгрия: Розса, Хефлер, Лэнг, Корхут, Надь (Ковач 55), Жидай, Пришкин (Футач 83), Дьюрчо (Шимон 78), Варга Р. (Николич 87), Корчмар, Вечеи (Кальмар 81)
Қазақстан: Сидельников, Малый, Абдулин, Қонысбаев (Лунин 80), Кислицын (Сүйімбаев 46), Хижниченко (Щеткин 70), Хайруллин (Тағыберген 65), Финонченко (Исламхан 59), Богданов (Карпович 87), Энгель, Коробкин
Бас қазы: Александр Буко (Бельгия)
7 маусым. Будапешт. «Ференц Пушкаш».  

 Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sports.kz