Африкалық бақсы Роналдудың әлем чемпионатына бармауы үшін күресуде

Нұржігіт Айдархан Корреспондент
Африкалық бақсы Роналдудың әлем чемпионатына бармауы үшін күресуде

Ганалық бақсы Нана Кваку Бонсам (Nana Kwaku Bonsam) Португалия мен мадридтік «Реалдың» үздік ойыншысы Криштиану Роналдудың жарақатына өзінің қатысы бар екенін мәлімдеуде. 

БӨЛІСУ

"Төрт ай бұрын Криштиануды "мундиальға" жібермеймін деп айтқан болатынмын. Бүгін оның тізесі ауырса, ертең белі, одан кейін тағы бір жері сыр береді. Оның жарақатын ешқандай дәрігер емдей алмайды. Өткен аптада арнайы Пері жасап шығару үшін төрт ит іздеп қайттым. Бұны мен шынымен жасап жатқанымды біліңдер", - дейді бақсы жігіт, шет елдік ақпарат құралдарына берген сұхбатында. 

Ақпарат құралдарының жазуынша, ганалық Нана Кваку Бонсам Африкадағы ең атақты бақсы саналады. Ол ақпан айында-ақ Роналдудың әлем чемпионатына бармай, Гана құрамасына қарсы ойнамауы үшін барын салатынын айтқан екен. 

Криштиану Роналду жақында ғана жаттығулардың бірінде жарақат алып қалған болатын. Сол себепті Грекиямен болған жолдастық кездесуге (0:0) шыға алмаған еді. Роналду әлем чемпионаты алдындағы Португалияның екі бірдей дайындық кездесуіне де қатыса алмайды.

Естеріңізге сала кетсек, Паулу Бенту баптайтын португалдықтар "G" тобында Германия, Гана және АҚШ құрамаларымен сынға түсетін болады.

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: sports.ru