Галледе төрт боксшымыз жартылай финалға өтті

О Сансызбай Корреспондент
Галледе төрт боксшымыз жартылай финалға өтті

Бокстан Германияның Галле қаласында өтіп жатқан "Chemistry Cup" халықаралық турнирінде төрт былғары қолғап шеберіміз жартылай финалға сүрінбей жетті.  Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының ресми сайты хабарлап отыр.

БӨЛІСУ

Жыл сайын өтіп тұратын дәстүрлі турнир «кіші әлем чемпионатына» да баланады. Осы жылы еліміздің намысын қорғауға алты боксшымыз аттанды. Бірінші айналымда үш боксшымыз шаршы алаңға шығып, екеуі жеңіске жетіп, біреуі ұтылып қалған болатын.

Ширек финалға шыққан Теміртас Жүсіпов (49 келі), Ілияс Сүлейменов (52 келі) және Әділбек Ниязымбетов (81 келі) қарсыластарын сенімді түрде жеңді. Үш боксшымыз да төрешілер шешімімен 3:0 есебімен басым түсті.

60 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Берік Әбдірахманов пен француз Софьян Оумие арасындағы жекпе-жек тартысты болды. Тәжірибесін барынша пайдаланған жерлесіміз 2:1 нәтижесімен мықтылығын танытты. Осылайша төрт боксшымыз жартылай финалға жетті. Яғни, төрт жүлде бұйыратыны рас. Ал алтынға айналдыру жігіттердің келесі жекпе-жектеріндегі бағы мен бабына байланысты болмақ.

64 келіде шаршы алаңға көтерілген Алмасбек Әлібеков молдовалық боксшы Дмитрий Галаготтан ұтылып, жүлдеден қағылды.

Бүгін шаршы алаңдағы кездесулер жалғасын табады. Күндізгі бөлімдегі жекпе-жектерге Теміртас Жүсіпов пен Әділбек Ниязымбетов шығады. Алғашқысы түрік Толган Озтюркпен, Әділбек неміс Серг Михельмен финал жолдамасын сарапқа салады. Астана уақытымен 19:00-де басталады. Ал сағат 23:00-де Ілияс Сүлейменов ресейлік Василий Веткинмен жұдырықтасса, Берік Әбдірахманов тағы бір неміс Роберт Арутюнянмен кездеседі. Жерлестерімізге жеңіс тілейміз!

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: kfb.kz