Абылайхан жеңіп, Сұлтан жеңілді

О Сансызбай Корреспондент
Абылайхан жеңіп, Сұлтан жеңілді

Бокстан Болгария астанасы Софияда өтіп жатқан жастар арасындағы әлем чемпионатының ақтық сынында бақ сынаған Абылайхан Жүсіпов алтыннан алқа тақса, Сұлтан Зауырбек күміс медальды қанағат тұтты.

БӨЛІСУ

60 келіде жұдырықтасқан Абылайхан Жүсіпов румын боксшысы Арсен Мұстафаға үш раундта да басымдығын танытып, әлем чемпионы атанды. Алғашқы минуттардан-ақ белсенген жерлесіміз қарсыласын дөп соққыларымен қарсы алып отырды. Нәтижесінде 3:0 есебі тіркелді.

56 келіде шаршы алаңға көтерілген Сұлтан Зауырбек кубалық боксшы Джавиер Айбанезге ұтылды. Әр қадамын байыптап жұдырықтасқан қарсылас жерлесімізден мықты екенін дәлелдеді. Өз кезегінде Сұлтан да аянып қалмады. Қарсыласты соққыларымен састыруға тырысты. Алайда төрешілер үш раундтағы жеңісті де кубалық боксшы еншісіне жазды.

Осылайша, Қазақстан құрамасы қоржыны 1 алтын 1 күміс медальмен толыға түсті. Осыған дейін, Шалқар Айқынбай чемпион атанса, кеше қыздар бәсекесінде Алуа Балқыбекова қола жүлде еншілеген еді. Санаулы минуттардан кейін 81 келіде Вадим Казаков финалда болгар Благой Найденовпен жұдырық түйістіреді.

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com/kazboxing