Месси Әлем чемпионатындағы жеңіс үшін үш «алтын бутсысын» айырбастауға дайын

Шерхан Талап Корреспондент
Месси Әлем чемпионатындағы жеңіс үшін үш «алтын бутсысын» айырбастауға дайын

«Барселона» командасының және Аргентина құрамасының шабуылшысы Лионель Месси жеке және командалық марапаттар жөнінде өз пікірін білдірді.

БӨЛІСУ

Месси өткен аптада үшінші мәрте «Алтын бутсының» иесі атанған болатын. Бұл марапаттың Еуропа чемпионаттарында бір маусымда ең көп доп соққан мерген ойыншыға берілетіні белгілі. 2012/2013 жылғы маусымда аргентиналық футболшы Ла-Лигадағы 46 допты өз еншісіне жазған болатын.

- Сіз «Алтын бутсыны» үш мәрте жеңіп алған алғашқы ойыншысыз. Бұл «байлығыңызды» Әлем чемпионатындағы жеңіске айырбастар ма едіңіз?

- Бәлкім айырбастармын, бірақ айырбастау орнының қай жерде екенін білмеймін. Жеке және клубтық шеңберде жетістікке жетуден менің жолым болды. Алайда футболдан әлем чемпионы атану – менің ең үлкен арманым. Бұл – менің ғана емес, барлық серіктестерімнің, Аргентина құрамасының, сайып келгенде халқымыздың арманы. Әрине, әлем чемпионатының мәртебесі биік. Біздің команда бұл бәсекеге жақсылап дайындалады деп ойлаймын.

- Аргентина құрамасының басты қарсыласы деп кімді санайсыз?

- Басты фавориттердің тізімінде: Бразилия, Германия және Испания. Бұған қоса тосын сый боп жарқырай қалатын тағы бір команданың пайда болары анық, – деді Месси «Спорт-Экспресс» газетіне берген сұхбатында.

Сонымен қатар, Месси - «Алтын допқа» басты үміткерлердің бірі. Ол бүгінгі таңда «Алтын допты» төрт мәрте иеленген жалғыз футболшы саналады. Ең үздік футболшының есімі 13 қаңтарда Цюрих қаласында белгілі болып, салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтеді.

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: settips.com