1 сағат жүгіруді немен алмастыруға болады?

Ақтоты Жапатова Корреспондент
1 сағат жүгіруді немен алмастыруға болады?
Фото ©️ massaget.kz

Жүгіруді қолға алған адамдар саны күннен күнге артуда. Оның себебін түсінуге болады: жүгірудің адам ағзасына тигізер пайдасы мол. Солардың бірі — артық салмақтан арылып, аз уақыттың ішінде денені қатайтуы. Бірақ жүгіруді жақсы көрмейтін немесе медициналық тұрғыда жүгіруге тыйым салынған адамдар не істесе болады?

БӨЛІСУ

Бір сағат жүгіруді алмастыра алатын бірнеше нәрсе бар. Бұл жерде жүгірудің бұлшықеттер мен буындарға пайдасы жайлы емес, тек жағылған калория эквивалентіне қатысты сөз қозғалады.

Орташа есеппен, күнде әйелдерге шамамен 2000 калория және ерлерге 2500 калория қажет. Бұл сан салмаққа, климатқа және өмір шарттарына қарай өзгеріп тұрады. Орташа жылдамдықпен бір сағат жүгіру шамамен 600 калория жұмсауға көмектеседі. Салмақ қаншалықты көп болса, калорияны соншалықты көбірек жұмсаймыз. Себебі ағза қосымша күш жұмсайды. Калория жоғалту арқылы міндетті түрде салмақ тасталады деген жоқ: арықтау үшін калория тапшылығы қажет екені рас, бірақ әркез ол арықтауға әкеле бермейді. Дегенмен қандай жағдай болмасын физикалық жүктеме артық салмақ қосып алмауға көмектеседі.

Кей ғылыми зерттеулер бойынша, біз өзіміз байқамай-ақ осы 600 калорияны жоғалтамыз.

1 сағат жүгіру = 1,5 сағат велотренажерда жаттығу

Бір сағат велосипед тебу — ол жағылған 400 калорияға тең. Мысалы, кей күндері жұмысқа велосипедпен баруға болады. Егер үйіңізде велотренажер болса, онда 1,5 сағат жаттығу арқылы 1 сағат жүгіруді алмастыра аласыз.

1 сағат жүгіру = 10 минут мұздай судың астында тұру

Бұл әдіс көптеген спортшыларға таныс. Жаттығудан кейін мұздай душқа түсу бұлшықеттер тонусын жақсартып қана қоймай, артық калория жағуға көмектеседі. Бұл кезде ағза жылыну арқылы өз қорларын қолданады. 18 градустан төмен температурадағы душқа 3 минуттай түсу шамамен 200 калория жоғалтуға көмектеседі.

1 сағат жүгіру = 2,5 сағат билеу

Орташа есеппен, 1 сағат билеу шамамен 200 калория жоғалтуға әкеледі. Сондықтан қандай да бір кеште немесе концертте билеу арқылы да калория жоғалта алатыныңызды ұмытпаңыз.

1 сағат жүгіру = 1,5 сағат бау-бақшада жұмыс істеу

Бақша қазу, егу, суару және қаптар көтерудің өзі спортқа жатады. Адам бақша өсірушілікпен 1 сағат айналысса, шамамен 450 калория жоғалтады.

1 сағат жүгіру = 2 сағат күлу

10 минут қатты күлу 60 калория жағуға көмектеседі. Бұл кезде бұлшықеттер (әсіресе, іш бұлшықеттері) қатты жиырылады. Мысалы, комедиялық шоу немесе фильм қарау денсаулыққа да, эмоциялық жағдайға да пайдалы.

1 сағат жүгіру = 4 қорқынышты фильм қарау

Бұлшықеттердің жиырылуы, адреналиннің шығуы: Ұлыбританиядағы Вестминстер университетінің зерттеуі бойынша, қорқынышты фильм қарау шамамен жағылған 150 калорияға тең. Бірден бірнеше қорқынышты фильм қарау калория жағу жағынан бір сағат жүгіруді алмастыра алады, бірақ фильм сізге шынымен де қорқынышты болуы тиіс.