Ресей футбол федерациясының тәртіптік-бақылау комитеті 29 турдағы «Зенит» пен «Динамо» кездесуінде орын алған тәртіпсіздікке қарсы өз шешімін шығарды. Шешім бойынша, питерлік клуб 0:3 есебімен жеңіліс тауып, 1 миллион рубль айыппұл төлейтін болды. Сонымен қатар, клуб алдағы өз алаңындағы екі кездесуін жанкүйерсіз өткізеді. Команданың бас бапкері Андре Виллаш-Боашқа да техникалық аймақтан шыққаны үшін айыппұл салынды. Соңғы турда ертең «Зенит» түзде «Кубаньмен» чемпиондық атақ әкелетін ұпайға таласатын болады.
Естеріңізге сала кетсек, 11 мамыр күнгі ойында «Зенит» жанкүйерлерінің жаппай тәртіпсіздігінен кейін, бас қазы Сергей Иванов кездесуді мерзімінен бұрын тоқтатқан болатын. Ал ойын 2:4 есебімен «Динамо» пайдасына шешіліп жатқан еді. Бүгінгі техникалық есеппен келген жеңістен кейін мәскеулік клуб Еуропа лигасына берілер жолдаманы иеленіп үлгерді.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: ria.ru