Қазақстандық теннисші Ярослава Шведова Қазақтың денешынықтыру, туризм және сервис колледжін тәмамдап, дипломын алды. Және алдағы уақытта студенттік жолын жалғастырып, келер жылғы жазғы Универсиадаға қатысуға ниет білдірді.
- Мен Қазан қаласында өткен жарыстарға қатысып, студенттік ойындардан алған сезімдерімен бөліскен бірнеше спортшы қызды танимын. Олардың айтуынша, жарыста достық және спорттық атмосфера сақталып тұрады. Атлеттер арасында Олимпиада ойындарындағыдай күрес жүреді. Менің Универсиадаға қатысып көргім келеді. Қытайдың Тайпей қаласында жүрген уақытта мен Универсиада жайлы естіп, біраз мағлұмат алғанмын. Қазан қаласында өткен жарыстарға жарақатымның кесірінен қатыса алмадым. Мен келесі студенттік ойындарына қатысуға өтініш білдіремін және алдағы уақытта мені Қазақ спорт және туризм академиясына түсу емтиханы күтіп тұр. Келесі Универсиадаға қатысып, Қазақстан атынан шығамын деген үміттемін,- дейді Я. Шведова.
Сондай-ақ танымал теннисші Алматыда өтетін алдағы қысқы Универсиаданың сәтті өтетініне сенім білдірді:
- Универсиада - жастардың назарын аударатын және бұқаралық спорттың дамуына өз үлесін қосатын жаһандық жоба. Мен, Қазақстанның 2017 жылы Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданы өткізу құқығына ие болғанына мақтанамын. Универсиада - Олимпиада секілді маңызды шара. Айырмашылығы тек студенттер арасында өтетіндігі ғана. Алматы қаласы қысқы Универсиаданы жоғарғы деңгейде өткізетініне сенімдімін,- деді спортшы.
Жолдаған: Рауан Оқас