Владимир Седовтың да сынамасынан допинг табылды

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Владимир Седовтың да сынамасынан допинг табылды
Фото ©️ tengrinews.kz

Халықаралық Олимпиада комитеті мен Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттік (WADA) қазақстандық ауыр атлет Владимир Седовтың 2008 жылғы Олимпиададағы сынамасын қайта тексерді. Қорытындысында спортшының «А» сынамасы оң нәтиже бермеген.

БӨЛІСУ

«Информбюро» таратқан ақпарат бойынша, Владимир Седов станозолол пайдаланған. Алдағы аптада спортшының «Б» сынамасының қорытындысы жарияланатын болады. Ал ауыр атлет сынама қорытындысымен келіспейді.

- Бұған сену, сенбеу өз еріктеріңізде. Алайда мен допинг қолданбағаныма уәде беремін. Тіпті мені алғаш (2006 жылы) айыптағанда да IWF (Халықаралық ауыр атлетика қауымдастығы) шешімімен келіспеген болатынмын. Мен әрқашан әділ жеңіске жетіп, әділ жеңілгенмін. Ал ешқашан допинг қолданбағанмын, - деген ауыр атлет.

Владимир Седов осы жылы Азия чемпионы атанғанмен, Талдықорғандағы ел чемпионатында жарыс жолына шыққан жоқ. Шешуші сәтте мінез танытып, жарысқа қатысудан бас тартқан-ды. Нәтижесінде Олимпиадаға баратын ұлттық құрама тізіміне енген жоқ. «Информбюроға» берген сұқбатында бұл туралы да айта кеткен.

- Дұрыс дайындық болмай, денсаулық түзелмей алтын жүлде туралы айту қайда? Сол үшін Талдықорғандағы ел чемпионатына қатысудан бас тарттым. Рио-де-Жанейродағы Олимпиадаға менен дайындығы жоғары спортшының барғанын қаладым. Ал екінші және үшінші орындар мен үшін қызықты емес еді, - деген ауыр атлет.

Осыған дейін Владимир Седов допинг дауына басты кінәлі адам ретінде ұлттық құрама жаттықтырушысы Александр Нидің есімін атаған болатын. Ал допинг қолданды деп айыпталған Илья Ильин, Майя Манеза, Зульфия Чиншанло мен Светлана Подобедова Рио Олимпиадасына қатысу мүмкіндігінен айырылған-ды. Сондай-ақ Алмас Өтешов пен Ермек Өміртай 4 жылға, Жасұлан Қыдырбаев пен Фаина Сыбанбаева 8 жылға спорттан шеттетілген еді.

Айта кетейік, Владимир Седов 2008 жылы Пекинде өткен Олимпиада ойындарына 85 келіге дейінгі салмақта қатысып, төртінші орын алған болатын.