Бүгінде төл күресіміздің дамуына студент жастардың қосып жатқан үлесі зор. Кеше Абай атындағы Қазақ Ұлттық педогикалық университетінің шаңырағында Алматы қаласы ЖОО студенттері арасында Жастар жылына орай қазақ күресінен дүбірлі аламан өтті. Бұл жарыс студенттер арасында шаhардағы ең мықты түйе балуанды анықтап берді.
Қазақтың Ұлттық спорт түрлерінің ішіндегі одағай түрі, ежелден ұрпақтан–ұрпаққа ұмыт қалдырмай жалғастырып келе жатқан қастерлі де қазыналы қазақ күрес өнері, бүгінгі таңда ерекше мазмұнға ие болып, жастарымыздың сүйіп шұғылданатын құрметті спорт түріне айналып отыр. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педогикалық университетінің шаңырағында осымен екінші жыл қатарынан жалауын көтеріп отырған байрақты жарыс, бір жағынан жастардың ұлттық күресімізді дәріптеп, құрметпен қарауына бағышталса, екінші жағынан, студенттердің саламатты өмір салтына бет бұруды мақсат етіпті.
Жарыстың салтанатты ашылуында сөз сөйлеген Абай атындағы Қазақ Ұлттық педогикалық университетінің ректоры, педогогика ғылымдарының докторы, профессор Тахир Оспанұлы Балықбаев, айтулы жарыстың ұлттық күресіміздің дамуына қосар үлесі ерекше екендігіне тоқталып, балуандарға табыс тіледі. Сонымен бірге, құрметті қонақтардың қатарында сөз алған, ҚР қазақ күресі федерациясының мемлекеттік жаттықтырушысы Жеңіс Биткөзов пен айтулы федерацияның бас хатшысы Бақдәулет Сәбитовтер – қазақ күресінің болашағына жастарды көп тарту бағытында үлкен жұмыс жасап отырған Абай атындағы Қазақ Ұлттық педогикалық университетінің шаңырағына зор алғыстарын жеткізді. Ал, қазақ күресінің елімізде кеңінен өріс алуына өлшеусіз үлес қосқан азаматтың бірі, қазақ күресінің тұңғыш президенті, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Абай атындағы ҰПУ-нің Дене шынықтыру және спорт кафедрасының меңгерушсі, професор Ерғали Мұхитдиновтің осындай аламанды ұйымдастыруда еңбегі ерен.
Жарыс шымылдығы ашыларда сөйлеген сөзінде, белгілі күрес маманы қазақ күресінің студенттер арасында өткізудің маңызы айрықша екендігіне тоқталып, балуандарға сәттілік тіледі. Сосын барып белдесулер басталды. Расымен де Абай атындағы ҰПУ-нің Алматы шаhарында алғаш болып студент жастардың ата күресімізге үлкен сүйіспеншілікпен қарап, дамыту бағытында алғашқылардың бірі болып осындай тартысты белдесулерді қолға алып ұйымдастыруы - үлкен мақтауға лайық деуге болады.
Сонымен боз кілемде Түйе балуан атануға үмітті қаладағы барлық ЖОО орындарынан 30-ға тарта қатысушы белдесті. Жеңіс қашан да қандай спорт түрі болмасын, шын ниетімен жаттығуда, барынша тер төккенге бұйырары белгілі. Бұл жолы да солай болды. Соңғы финалдық кездесуде айтулы оқу орнының қос бірдей студенті кездескен еді. Бір оқу ордасының екі бірдей студентінің соңғы сында жолығуының өзі кездейсоқтық емес. Өйткені, екі бірдей балуанда қазақ күресінен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, қазақ күресінің майталман маманы Еркін Сайдақовтың қарамағанда жаттығады. Сондықтан да бір- бірінің қимыл-қозғалысын жақсы білетін қос алыптың арасында жеңімпазды анықтау оңай болмасы анық еді. Дегенмен де Өнер-мәдениет және Спорт инистиутының Дене шынықтыру және спорт факультетінің 1 курс студенті 124 кг салмағы бар атан жілікті жас балуан Ерсұлтан Жорабековтың күрес тәжірбиесі бір бас жоғары болды. Өйткені, Ерсұлтан самбо күресінен жасөспімідер арасында республикалық жарыстың және қазақ күресінен жастар арасынада ел чемпионатының жеңімпазы. Сонымен қатар,белбеу күресінен әлем чемпионатының қола жүлдесі мен жастар мен жасөспірмдер арасында Қазақстан біріншілігінде топ жарып талай сындардан ысылып шыңдалған.
Ерсұлтан жеңіске бір табан жақын екені бірден-ақ, біліне бастады. Қарсыластарының барлығын алып та, шалып та жығып ақтық жекпе-жекке шыққан Ерсұлтанды финалда Құқық және Тарих инистутының Заң факултетінің 1 курс студенті салмағы 143 кг жететін бұлан мойын, қақпан бел Хамза Нұрсұлтан күтіп тұрған еді. Тартысты өткен белдесудің алғашқы минуттарында-ақ, оңтайлы сәттің бірінде жамбасқа салып лақтырған кезде Хамза шарасыздан жерге шалқасымен түскен еді. Осылайша қарсыласының жауырыны жерге таза қойған Ерсұлтан жарыстың Түйе балуаны атанды.
Тіл көзден аман болса, Ерсұлтанның шығар биігі алда екендігіне көпшілікті көзі жеткендей болды. Таланты жас балуан жарыс ұйымдастырушысы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педогикалық универитетінің қолдауымен бас бәйгеге тігілген қомақты қаржыны қанжығасына байлап алып кетті. Ал жүлделі 3-орынды М.Тынышбаев атындағы Қазақ Көлік және Коммуникация академиясынң 2 курс студенті Жапар Нұрбол жеңіп алды.
Студент жастарды ұлттық күресімізге деген сүйіспеншілігін арттыру аясында өткен бұл жарыстың келешегі жарқын. Сондықтан да осы жарысты қалай өткізсек екен деп, жарғақ құлағы жастыққа тимей шапқылап жүрген Абай атындағы ҰПУ-нің Тәрбие жұмысы және Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Ішпекбаев Ешенқожаұлы Жанатбек мырза, жарыс соңында түйе балуан Ерсұлтан Жорабекті құрметпен марапаттап, қаржылай сыйлығын қошаметпен табыс етті.
Негізі осындай аламанды өткізу оңай емес екені кімге болса белгілі. Біз кей кезде жарысты тамашалаймыз да оны жасаған, дүниге әкеліп халыққа тарту еткен, былайша айтқанда қара жұмысына тер төккендерді ұмытып кетіп жатамыз. Ол дұрыс емес. Еңбек еш кетпей, әрқашанда бағаланып айтулы қажет. Осындай үлкен байрақты сынды өткізуде, тәрбие , әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты жөніндегі департаменті мен Дене шынықтыру және спорт кафедрасының ұжымына, жарысты тамашалаған халық алғыстарын аямай жаудырып жатты. Бұл да көңіл қуантарлық жәй.
Жалпы, бұл аламанды ұйымдастырудағы басты мақсат ол - жас студенттердің ата күресімізге деген сүйіспеншілігін ояту, салауатты өмірге жол сілтеу болып табылады. Осындай дүбірлі жарыстарды қызықтаған жас студенттердің ұлттық күресімізге деген қызығушылығы міндетті түрде арта түсері анық. Сондықтан алдағы жылы өтетін жарыс бұдан да тартысты әрі қызықты өтетініне сеніміміз зор. Ендеше атанжілікті жас балуандардың алар асулары әлі алда деп білемін.
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ