УЕФА «Астананың» қарсыластарына қарсы қандай жаза қолданады?

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
УЕФА «Астананың» қарсыластарына қарсы қандай жаза қолданады?
Фото ©️ football-tv.ru

Футболдан Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде қазақстандық «Астана» клубына қарсылас атанған мадридтік «Атлетико» мен лиссабондық «Бенфика» УЕФА тарапынан жазалануы мүмкін. Бұл туралы ұйымның ресми сайты хабарлап отыр.

БӨЛІСУ

Естеріңізде болса, 30 қыркүйек күні өткен «Атлетико» мен «Бенфика» арасындағы ойында жанкүйерлер тәртіпсіздігі орын алған болатын. «Висенте Кальдерон» стадионының екінші қабатында отырған португалдық клубтың жанкүйерлері жергілікті клубты қолдаушыларға отшашулар мен түрлі заттарды лақтырып, қақ төбелерінен түкірген. Оқиға салдарынан екі жасар бүлдіршін жарақат алудың аз-ақ алдында қалған. Ал «Атлетико» жанкүйерлері қонақ клубтың қолдаушыларын стадионға кірер тұс пен ішкі баспалдақтарында қасақана бөгеген. Мадридтік клуб жанкүйерлерінің осы тәртіпсіздігі үшін жазалануы мүмкін. УЕФА қос клуб қолдаушыларының тәртіпсіздігіне қатысты істі 15 қазан күні қарайды.

Топтық кезеңдегі «Астананың» қарсыластарын ауыр жаза күтіп тұр деп айтуға келмейді. Жанкүйерлер арасындағы қақтығыс футболда жиі орын алатын оқиғалардың бірі. Көбіне мұндай тәртіпсіздік үшін клубқа ақшалай айыппұл салынып, бірнеше ойындарын жанкүйерлерсіз өткізеді. Сондай-ақ жанкүйерлердің келуіне толықтай шектеу қоймай, тек бірнеше секторларын жабумен істі тоқтатуы да мүмкін.

Айта кетейік, Мадридтегі ойында «Бенфика» алаң иелерін 2:1 есебімен жеңіп кеткен еді. Елордалық «Астана» тәртіпсіздік орын алған «Висенте Кальдерон» стадионында 21 қазан күні ойын өткізеді.