Тайсон Головкин – Альварес жекпе-жегіне болжам жасады

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Тайсон Головкин – Альварес жекпе-жегіне болжам жасады
Фото ©️ YouTube

Америкалық әйгілі боксшы Майк Тайсон 16 қыркүйек күні қазақстандық Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль "Канело" Альварес арасында өтетін жекпе-жекке болжам жасады.

БӨЛІСУ

- Головкин мен "Канело" арасындағы жекпе-жекті асыға күтіп жүрмін. Маған бұл кездесу Мейвезер мен МакГрегор арасындағы кездесуден де қызығырақ. Кім жеңетінін білмеймін, бірақ "Канелоның" күші басымдау секілді.

Мейвезер мен МакГрегордың жекпе-жегіне келер болсақ, бұл бокс үшін жаман емес, тіпті жақсы. Конор сөзсіз жеңіледі. Флойд қанша уақытта жеңеді деген мәселе ғана тұр", - деді боксшы Globo Esporte басылымына берген сұхбатында.

Айта кетейік, Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы жекпе-жек 16 қыркүйек (Астана уақытымен 17 қыркүйек күні таңда) АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтеді. Отандасымыз орта салмақта WBC, WBA (Super), IBF және IBO чемпиондық атақтарын қорғайды. Мексикалық боксшы "The Ring" журналының белбеуін бәске тігеді.

Осыған дейін Головкин - Альварес жекпе-жегіне америкалық боксшы Дэниель Джейкобс та болжам жасаған болатын.