Талдықорғанда бұқаралық ақпарат құралдары арасында шағын футболдан белгілі журналист Бейсен Құранбекті еске алуға арналған турнир өтті. Жарысқа Жетісу өңірінен 6 команда қатысты.
Бейсен Құранбек журналистикадағы жолын "Спорт" газетінде тілші болып бастаған. Футболшы болуды армандаған. Спортты ерекше бағалады. Саламатты өмір салтын ұстанды. Ұстанып қана қоймай, айкидодан қара белбеу иегері болған. Сондықтан да қазақ журналистикасында өзіндік таңбасын қалдырған тұлғаны еске алуға арналған жарысты ұйымдастыру кездейсоқтық емес.
- Журналист болуды армандаған жоқпын, футболист болғым келген. Бірақ, бола алмадым. Әскерден келген соң "футболист болмасам да, футбол туралы жазатын журналист болайын" деп ойладым. Сөйтіп "Спорт" газетіне жұмысқа келдім, - деп айтқан еді Бейсен Құранбек "Ақ желкен" мен "Ұланның" жас тілшілерімен кездесуге келгенінде.
Жетісу жеріндегі жарысты спорт журналисі Ришад Тұрғанбаев пен әріптестері ұйымдастырды. Келешекте жарыстың ауқымын кеңейту жоспары да бар екен.
- Талдықорғанда бұқаралық ақпарат құралдары арасында baq-league жарысы өтіп келеді. Суперкубок та өтуі керек болған. Осы суперкубок жарысын ағамыз Бейсен Құранбекті еске алуға арнадық.
Жақында өмірден өткен ағамыз спортты, оның ішінде футболды жақсы көрді. Еңбек жолын спорт саласынан бастаған. Спорттағы жаңалықтарды маған хабарласып сұрап отыратын. Сондықтан журналистермен кеңесе келе жарыстың суперкубогын Бейсен Құранбек атындағы кубок деп атадық.
Бұл жарысты келешекте республикалық деңгейде өткізсек деген де мақсат бар. Бірақ кубок жарысы емес, БАҚ арасында Бейсен Құранбек атындағы спартакиада етіп жасау жоспарда бар. Себебі ағамыз бар спорт түріне ден қойды. "Барселона" мен Нидерланд құрамасының жанкүйері болды. Футбол ғана емес, айкидомен де айналысқан. Қазақ күресінен өткізілген жарыстарды жүргізді, - дейді Ришад Тұрғанбаев.
Жарыс санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізілді. Ойынға жанкүйерлер шақырылмаған. Ашылу салтанатында сөз алған Алматы облыстық "Жетісу" телеарнасының директоры Серік Әбікенұлы Бейсен ағамыз жайлы жылы естеліктер айтып, ойынның сәтті өтуіне ниеттес екенін білдірді.
Доп додасында алғашқы үш ойын олимпиадалық жүйе бойынша өтті. Яғни, жеңілген командалар жарыс жолынан шығып отырды. Ал жеңістің желкенін көтерген командалар айналмалы жүйе бойынша ойын өткізіп, жеңімпаздарды анықтады.
Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды "VIP Press" командасы қанжығасына байласа, екінші орынды "Taldy Paris" командасы еншіледі. Ал үшінші орын "Baq United" командасына бұйырды.
Алмас Мырзахметов ("VIP Press") үздік сұрмерген атанды. Сайыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Мақтау қағазы мен медальдар, бағалы сыйлықтар табысталды. Бірінші орын алған "VIP press" командасына Бейсен Құранбек атындағы Кубок берілді.
Айта кетейік, осыған дейін Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бұқаралық ақпарат құралдарында өзіндік шеберлігімен көзге түскен жазба және электронды баспасөз құралдарында жұмыс істейтін жас тілшілерді қолдау, шығармашылық ізденістерін шыңдауға жігерлендіру, көрнекті журналист Бейсен Құранбектің жарқын бейнесін есте қалдыру мақсатында жастар арасында "Жігер" сыйлығын жариялаған еді.