17 жастағы мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина жазғы Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атанды. Спортшы жеңіс тұғырына көтеріліп, алғаш рет Қазақстан әнұранын естігендегі сезімі жайлы Tengri Sport сайтына берген сұхбатында айта кетті.
"Қарағанды Аренада" жеңімпаздарды марапаттау алдында Қазақстанның әнұраны шырқалды. Софья оң қолын жүрек тұсына қойып, көк туға бетін бұрды. Бұл әрекеті жиналған жанкүйерлерге ерекше әсер етті.
Бұл, ең біріншіден – құрмет, мен әнұранды жаттап шықтым. Бірақ әлі толық емес, алғашқы шумағы мен қайырмасын жақсы білемін, - деді сұхбатында.
– Ал қазақ тілін ше?
Мен қазір мұны тереңдете бастағым келеді. Әзірге үйрететін маман жалдаған жоқпын. Ақырындап өзім бастаймын деп ойлаймын, сосын адамдармен сөйлесіп, қарапайым тілдесу арқылы үйрене түсемін. Қазір Евгений Викторович қана кей сөздерді айтып, қалжыңдап тұрады, - дейді Софья.
– Сізбен Евгений Плющенко жаттығу кезінде қазақша тілдесе ме?
– Иә, арасында. Қазақша бір сөздерді айтады, мен түсінбегенімді айтамын, ол сосын "кейін түсінетін боласың" дейді. Кейде қысқа бағдарламаны орындауға шыққанда, кеттік дейді. Мен жарайды дегенде, ол "рақмет" деп жауап береді. Осылайша ақырындап қазақ тілін үйреніп жатырмыз, - дейді спортшы.
Спортшымен толыққанды сұхбат Tengri Sport сайтында осы аптада жарияланатын болады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Айта кетейік, 17 жастағы Софья төрттік секіру мен қатарынан үш аксель жасай алатын санаулы спортшылар қатарынан. Былтыр Қазақстан азаматтығын алған спортшы алдағы маусымнан бастап әлемдік жарыстарда Қазақстан атынан бақ сынайды.
Софья Самоделкина жуырда ғана Қазақстан әнұранын жаттап жүргенін айтқан болатын. Алғашқы ресми жарысында жеңімпаз атанды.