Қазақстандық ауыр атлет Надежда Ногай «Катар кубогы» ІІІ халықаралық турнирінде топ жарды. Бұл туралы Қазақстан ауыр атлетика федерациясының баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Катардағы дода 7-8 желтоқсан аралығында өтті. 75 келіден жоғары салмақта бақ сынаған отандасымыз жұлқа көтеруде 125 келіні, серпе көтеруде 152 келіні ырқына көндіре білді. Күміс Египет елінен Ахмед Шаймаға (272 келі) бұйырса, қоланы тай спортшысы Кхенжантлек (263 келі) еншіледі. Сондай-ақ, Катардағы турнирде халықаралық және Азия ауыр атлетика қауымдастықтарының даму жоспары талқыланды.
Айта кетейік, Надежда Ногай жақында ғана Хьюстонда өткен әлем чемпионатына қатысып, V орынды қанағат тұтқан болатын. Ол додада отандасымыз қоссайыс қорытындысы бойынша 292 келіні еңсерген еді.