Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен әлем чемпионатында топ жарған Бекзат Нұрдәулетов Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовтың қабылдауында болды.
Бүгін облыс әкімі Серікбай Трұмов бастаған маңғыстаулықтар бокстан әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетовті әуежайдан күтіп алды. Кездесу кезінде аймақ басшысы дүниежүзіне өзінің мықтылығын дәлелдеген былғары қолғап шебері Бекзат Нұрдәулетовке барлық маңғыстаулықтардың атынан алғыс айтып, шын жүректен жеңісімен құттықтады. Бекзат Нұрдәулетов қарсы алуға келген барлық жанкүйерлер мен өңір басшысына ризашылығын білдіріп, бұл жеңісті – барлық қазақстандықтарға тарту етемін деді.
Облыс әкімді ел үмітін ақтаған боксшыға ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтауын жеткізіп, Ақтаудан 2 бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. Бұдан бөлек Серікбай Трұмов Бекзат Нұрдәулетовтің жас кезіндегі бапкері Батырбек Жайлыбаевқа 3 миллион теңге және Марат Жәкиевке 5 миллион теңгенің сертификатын табыстады.
Әлем біріншілігінде 81 килоға дейінгі салмақта сынға түскен Бекзат Нұрдәулетов финалда өзбек боксшысы Дилшодбек Рузметовті жеңіп, топ жарған еді. Әлем чемпионатын алғашқы айналымнан бастаған боксшымыз барлық қарсыласын айқын ұтып шықты. Финалдың жолдамасы үшін өткен жеке-жекте Олимпиада чемпионы, әлем чемпонатының төрт дүркін чемпионы Хулио Сесар Ла Крустан басым түсті. Тіпті қарсыласын бір рет нокдаунға да түсірді.
Бекзат Нұрдәулетов 1998 жылы Ақтау қаласында өмірге келген. 2016 жылы Ресейде өткен жастар арасындағы әлем чемпонатының қола жүлдегері. Шілде айында өткен Қазақстан Президентінің Кубогында финалда Ерік Әлжановқа есе жіберіп, күміс жүлде алған.